Шымкенттің бұрынғы депутаты Қуаныш Дәулетәлиевке сот қайта іздеу жариялады

Шымкент қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қуаныш Дәулетәлиевке сот екінші рет іздеу жариялады. Ол «Қорлау» бабымен айыпталып, ісі сотқа өткен еді. Жәбірленушінің айтуынша, экс-депутат оның ар-намысына тиетін сөздер айтып, балағаттаған.
«1976 жылы 2 желтоқсанда туылған Шымкент қаласы Қазығұрт мөлтек ауданы Төлебаева көшесінің тұрғыны Дәулетәлиев Қуаныш Әмірсейітовичке қатысты іздеу жариялансын. Ұсталғаннан кейін сотталушы Дәулетәлиев сот мәжілісіне қатысуы қамтамасыз етілсін, сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілсін» деп жазылған Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Асхат Есенов шығарған қаулыда.
Дәулетәлиевтің сотқа себепсіз келмеуінен іс сотта тағы тоқтамға алынды. Айыпталушының ісі сотта «Қорлау» бабымен қаралып жатқан еді. Жабық қаралып жатқан іс бойынша үкім шығаруға жақындаған болатын.
«Сотталушы сотқа беймәлім себептермен келмеуіне байланысты сотпен оған қатысты іздеу жарияланады. Қылмыстық іс тоқтамға алынды және сотталушы ұсталғаннан кейін, қайтадан жаңартылып қаралады», – деді судья.
Сот кабинеті жүйесіндегі мәліметке қарағанда, судья бүгінгі сот отырысына айыпталушыны мәжбүрлеп, күшпен жеткізуге қаулы еткен. Бірақ полиция экс-депутатты сот отырысына жеткізе алмады.
Іс бойынша жәбірленуші деп танылып, жекеше айып түсірген Ескендір Жамбаев Дәулетәлиев ар-намысыма тиді, балағаттады деп отыр.
«Екі баласын айыптап, арыз жазған болатынмын. Ол да сот шешімімен қаралып, сот әділ шешім шығарып, екеуі де алаяқтық айыбымен жазаланды. Соның есебінен маған жеке кек сақтаған ба, балағаттап, ар-намысыма тиіп, қорқытып, қоқан-лоқы көрсетті», – деді жәбірленуші Kursiv.Media-ға.
Дәулетәлиевті іздестіру шараларын ұйымдастыру прокуратураға, қаулының орындалуы полицияға тағы жүктелді. Экс-депутатты іздеу туралы ақпарат Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында 2 қыркүйек күні пайда болған.
«Қорлау» бабымен айыпталған бұрынғы депутаты, кәсіпкер Қуаныш Дәулетәлиев сот отырысына бұған дейін де келмеген. Бұдан бұрын тағайындалған сот отырыстарына себепсіз келмеген оған іздеу жарияланған еді. Көп өтпей полиция Дәулетәлиевті тауып, сотқа жеткізген.
Айыпталушы бұған дейін Шымкент қалалық мәслихатының депутаты және «Ауыл» партиясының мүшесі болған. Шымкент қалалық мәслихатының ресми сайтындағы деректерге қарағанда, Дәулетәлиевтің мамандығы заңгер. Бірақ 25 жылдан бері кәсіпкерлікпен айналысады. Ол мәслихатта «Ауыл» партиясының депутаттық фракциясын басқарған.