Жаңалықтар

Түркістанда оқушы 71 жастағы шалдан жүкті болған

15 жастағы оқушы 71-дегі шалдан жүкті болып босанған /фото: sjutterstock/бильд-редактор Ахтам Зиперов

Түркістан облысы Келес ауданы Еңбекші ауылында 15 жастағы оқушы 71 жастағы шалдан жүкті болып босанған. Полиция зейнеткерге қатысты Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен іс қозғалғанын мәлімдеді.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, оқушының аяғы ауыр екенін жақындары жүктіліктің жеті айында білген. Оған дейін қыз көршісі әрі туысқан атасынан зорлық көргені туралы ешкімге айтпаған. Тек босанған соң ғана зорлық жасаған адамның кім екені белгілі болған. Осы жылы оқушы оқуын колледжге ауыстырған.

Оқиғаны естіген тұрғындар күдіктінің отбасының ауылдан көшіп кетуін талап еткен.
Оқиғаны полиция да растады. Облыстық полиция департаменті күдікті ұсталғанын мәлім етті.

«Келес ауданы тұрғынының кәмелетке толмаған қызына қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттері бойынша жазған арызына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды» делінген полиция хабарламасында.

Іс бойынша қажетті жедел-тергеу іс-шаралары басталған. Полиция тергеуге қатысты өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын айтты.

Бұған дейін Ақтөбе облысы Ойыл ауылында 14 жастағы оқушының алпыстан асқан өгей нағашы атасынан жүкті болып қалғаны айтылды. Ол кезде де оқушының жүкті екенін туыстары да, мектеп қызметкерлері де білмеген.