Шымкентте қызды зорлап, кейін алып қашқан адамға қатысты іс тоқтады

Шымкентте зорлық көрді деп хабарланған колледж оқушысының ісі қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтады. Дегенмен бұған жәбірленуші тарап қарсы. Оқиға қалай болды, іс неге тоқтады?
Шымкент полициясы Түркістан қаласының тұрғыны, 16 жастағы қызға қатысты қылмыстық істің қысқарғанын мәлімдеді. Бұдан бұрын «Не молчи» қоры 2 жыл бұрын 16 жасар қызды Түркістан облысы Иқан ауылының 20 жастағы тұрғыны зорлап, артынан алып қашқанын хабарлаған еді. Бұл некеге қыздың ата-анасы қарсы болған.
«Ата-анасы қызын бірден іздеп ауылға барған. 70 жастағы әкесі шу шығарып, қызын алып кеткен. Ізінше полицияға арызданған. Тергеуші, прокурор және тергеу бөлімінің орынбасары әкесіне қыздың ерікті түрде келін болып түскенін, оны күйеуі алып кететінін жеткізген. Бұған әкесі қарсы болған» деп жазды қор әлеуметтік желідегі парақшасында.
Жәбірленушіні қорғаушы Гүлайхан Тұрсұманова бұл оқиғадан 3 ай өткенде қыздың өзіне-өзі қол салмақ болғанын, оны колледж психологы байқап, ата-анасына хабарлағанын айтады. Сол кезде ғана қыз күйеуінен зорлық-зомбылық көргенін ашып айтқан. Әке-шешесі прокуратураға арызданғаннан кейін, қылмыстық іс тіркелген.
Қорғаушы оқиға қалай болғанын былай түсіндіреді: «Қыз бен жігіт әлеуметтік желіде танысқан. Кездескенде жігіт оны Түркістаннан Шымкент қаласына алып келеді. «Бір жерге кіріп шығу керек» деп квартираға алып барып, қызды зорлайды. Содан кейін ауылына алып барады. Жәбірленушінің ата-анасы полицияға арызданған. Тергеуші қаулы шығарып, сараптамаға жолдаған. Қыз сараптамадан өткен. Дегенмен сараптама қорытындысын алмай тергеуші істі қысқартып жіберген. 3 айдан кейін ата-анасы прокуратураға арызданып жүріп, қылмыст ық істі тіркеткен».
Әйтсе де полицияның уәжі бөлек. Қалалық полиция департаменті Kursiv.Media-ға істе қылмыс құрамы жоқ екенін айтты.
«Тараптардың барлық дәлелдерін, сондай-ақ барлық дәлелдемелік базаны зерттегеннен кейін қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Бұл шешім прокуратурамен келісілді» делінген полиция хабарламасында.
Оқиға 2023 жылдың күзінде болған. Қылмыстық іс 2024 жылдың желтоқсанында тіркелген. Полиция іс қысқарды десе де жәбірленуші тарап бұған келіспейді. Қазір қайта прокуратураға арыз түсірген.