Жұмыс – ауыр, жалақы – аз: Залалсыздандыру орталығының мамандары наразылыққа шықты

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы залалсыздандыру орталығының қызметкерлері шу шығарды. Айтуларынша, жұмыс – ауыр, жалақы – аз. Тазалықшылардың айлық жалақысы 80 мың теңгеге жетпейді, медбикелердің айлық жалақысы 100 мыңнан сәл-ақ асады. Қазір мекемеде қызметкерлерді қысқарту басталған. Жұмыс құралдарының тозығы жеткен. Қызметкерлердің бұл сөзін орталық әкімшілігі растады.
Айлық жалақы – 79 мың теңге

60 жастағы Гүлжан Майсүпова залалсыздандыру орталығында 15 жылдан бері тазалықшы болып жұмыс істейді. Айлық жалақысы – 79 мың теңге. Оның сөзінше, алғашында орталықта 12 тазалықшы жұмыс істеген. Қазір олардың бесеуі ғана қалған.
«79 мың теңге қай жыртығымды жамайды? Жұмысқа екі автобуспен келіп, кетемін. Түсте жейтін тамағым бар. Мен үшінші бөлімшеде тазалықшымын. Жүргізушілердің демалатын орны, дәретханасы, техникалық бөлімге кіру мүмкін емес, лас. Өйткені тазалықшы жетіспейді», – дейді ол.
Майсүпованың сөзінше, өткен жылы тазалықшыларға қосымша жұмыс беріп, жалақысын 12 мың теңгеге көтерген. Оның өзін қазір қайта алып тастап, екі қызметкерге ғана қалдырған.
«Мысалы, мен түрлі ерітінділерді иіскеймін. Осы жерден ауру таптым, бір көзім мен бауырым кетті. Қайда барамын? Жасым 60-та, келесі жылы зейнетке шығамын. Бұл жерден шықсам ешкім жұмысқа алмайды», – дейді ол ашынып.
Орталықта медицина қызметкері болып жұмыс істейтін Қаламқас Құрманәлиеваның негізгі жалақысы – 99 мың теңге. Қосымша жұмысты қосқанда қыркүйек айында 105 мың теңге еңбекақы алған.

«Осы жалақының ішінде түнгі ауысымға түскенім бар. Қазір емдеу жәрдемақысы атымен жоқ. Қаңтар айында осы мәселені қала әкімдігіне айтып, көтердік. Жалақыны көтереміз деп уәде берген. Міне, қазан айы келді. Жалақыны көтермек былай тұрсын, қызметкерлерді қысқартып жатыр. Бұлай кете берсе, біз қайда барамыз? Ай сайын төлейтін ипотека бар, бала-шағам бар. Ойлаңызшы, 100 мың теңгеге қалай күнкөреміз?», – дейді Құрманәлиева.
Құрал-жабдықтың 80%-ы ескі
Жұмысшылар айлық жалақыдан бөлек құрал-жабдықтардың тозығы жеткенін айтады. Мысалы, орталықта бар-жоғы 2 көлік бар. Оның өзі – ескі. Бірінің терезесі сынған, жабылмайды. Ал жұмысшы саны дерлік екі есеге азайған. Айталық, алғашында 80-ге жуық қызметкер болса, қазір қырыққа жетпейді. Бөлімшелерде 5 адамның жұмысын – 3 адам, 2 адамның орнына 1 адам жұмыс істеуге мәжбүр. Аз жалақының өзі уақытылы берілмейді. Емдеу жәрдемақысы мен сыйлықақы атымен жоқ.
«Орталықта тапсырыс көп. Шын мәнінде, өз қаржысы өзіне жетеді. Біз мекемені сенімгерліктен алып, мемлекетке қайтаруын сұраймыз», – дейді орталық қызметкері Сандуғаш Бердіқұлова.
Десе де орталық басшылығының уәжі бөлек. Орталық директоры Самет Бадаловтың айтуынша, жекеменшік орталықтардың көбеюінен қазір тапсырыс азайған. Сәйкесінше, кіріс те кеміген.
Директор қызметкерлердің айлық жалақысы төмен екенін растады. Ал қызметкерлер қысқарып жатыр дегенмен келіспейді.
«Бізде қысқарту жүріп жатқан жоқ. Керісінше, артық жұмыс болған соң сағаты алынып жатыр. Қызметкерлер жетіспей жатыр. Заң бойынша, күніне 12 сағаттан артық жұмыс істеуге болмайды. Артық сағаттарды алып, қосымша жұмысшы аламыз», – дейді орталық директоры.
Бадаловтың сөзінше, орталықтың 80 пайыз құрал-жабдығы ескірген. Жаңарту мақсатында 52 миллион теңгеге жаңа заттар сатып алынған.
2022 жылы орталық өкіметтен сенімгерлікпен жекенің қолына өткен. Жалпы орталық 2016 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы – ред.) мен Шымкент қаласындағы медициналық мекемелерде науқастар жаппай ВИЧ жұқтырған соң ашылған. Онда медициналық мекемелердегі медициналық құлар-жабдықтар залалсыздандырылады. Қазірдің өзінде Шымкенттен бөлек Жамбыл облысы және Түркістан облысындағы медициналық мекемелерімен жұмыс істейді.