Әзербайжан Арменияға жүк транзитіне қойылған шектеуді алып тастады

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев ел аумағы арқылы Арменияға жүк транзитіне қойылған барлық шектеу алынғанын айтты, деп хабарлады АРА. Бұл туралы Әлиев Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз барысында айтқан.
«Әзербайжан оккупация кезеңінен бері қолданылып келген Арменияға жүк транзитіне қатысты барлық шектеуді алып тастады. Арменияға жөнелтілген ең алғашқы транзиттік жүк қазақстандық астық болды», – деді Әлиев.
Айта кетейік, шектеулер Таулы Қарабах қақтығысына байланысты 1990 жылдардан бері қолданылып келген.
Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан – Әзербайжан арасындағы жүк тасымалдау көлемі былтыр 62 пайызға өсіп, 4,5 миллион тоннаны құрады.
«Биылғы көрсеткіштер де көңілге сенім ұялатады, өсім 2 пайызды құрады. Шетелдік серіктестермен бірге шектеулерді жойып, дәліз бойында бірыңғай ұзақ мерзімді тариф орнатуға жұмыс істеп жатырмыз. Бұл барлық бағдар бойынша кедергісіз тасымалдауды қамтамасыз етіп, тиімділікті көтеретіні сөзсіз. Яғни жүк тасымалының көлемін жоспарға сәйкес 10 миллион тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтуынша, порттардағы терминалдардың қуатын арттыруға назар аударылды. Қазақстан Ақтауда контейнерлік хаб құрылысын жүргізіп жатыр.