Жаңалықтар

Өлген адамды айыптау оңай: Bek Air ұшқышының қызы тергеудегі заңбұзушылықтарды айтты

2019 жылдың желтоқсанында Алматыда Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады/фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматыда алты жыл бұрын апатқа ұшыраған Bek Air ұшағын басқарған екі ұшқышқа қатысты сот өтіп жатыр. Ұшқыш Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапты. Ал екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов бірнеше айдан кейін қайтыс болды. Ұшқыштың қызы Алина Молдақұлова KursivMedia тілшісіне тергеу барысында жіберілген заңбұзушылықтар туралы айтты. Сондай-ақ соттан әділ шешім күтетінін жеткізді.

Bek Air ұшағы құлады

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда Fokker 100 ұшағы апатқа ұшырады. Алматыдан елордаға шыққан ұшақ таңғы 07:22 кезінде бетон қоршауды бұзып, екі қабатты құрылыс нысанына соқтығысқан. Әуе апаты салдарынан 12 адам қаза тауып, 49 адам зардап шекті. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі Марат Мұратбаев та бар. Екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов ауруханаға түсті. Алайда бір айға жуық уақыттан кейін екінші ұшқыш үйінде қайтыс болды.

Ұшқыш туралы не белгілі?

Миржан Молдақұлов оқуын 1987 жылы аяқтап, сол уақыттан бастап ұшақ басқарған. 1996 жылы зейнетке шыққанымен, қызметін жалғастыра берген. Bek Air әуекомпаниясына 2014 жылы жұмысқа кірген. Әуеде 11 544 сағат ұшқан. Оның 4144 сағаты Fokker 100 ұшағында өткен.

Ұшқыш қайтыс болған кезде 54 жаста болған.

Ұшқыш Bek Air әуекомпаниясына 2014 жылы жұмысқа кірген/фотоны марқұмның отбасы ұсынды

«Анама хабарласып, аман екенін айтқан»

Алина Молдақұлова әңгіме барысында қайғылы оқиға болған күнді еске алды. Айтуынша, ұшақтың құлағаны туралы таңғы 8:30 шамасында туыстарынан білген.

«Бірден анама хабарластым. Әкем таңертең анама хабарласып, «Зәуреш, біз құладық. Тірімін, ешкімнің қоңырауына жауап берме» деп айтқан екен. Біз шошып қалмасын деп осылай айтыпты. Кейіннен әкемнің ауыр жағдайда аурухана жеткізілгенін білдік», – дейді Алина.

Ұшқыш ауруханаға бет сүйегі, мұрны сынған күйде жеткізілген. Сондай-ақ жамбас сүйегі жарақаттанған, омыртқасы ауырсынған.

«Кейін бел омыртқасы сынғаны белгілі болды. Тірі қалғанының өзі таңғаларлық жайт. Тыныш жерде емделудің орнына әкемнен жансақтау бөлімінде үш рет жауап алынды. Әкеме әсері қатты дәрілер салынған еді. Адвокатты шақырмастан сағаттап тергеді. Әкеме ауыр операция жасалғаннан екі-ақ күн өткеннен кейін тергеді. Мұны тергеу деп атауға ауыз бармайды. Бұл – азаптау. Онсыз да ауыр жағдайда жатқан адамды әлсіретті», – дейді марқұм болған ұшқыштың қызы.

Сөзінше, тергеушілердің бұл әрекеті марқұмның сол кездегі жағдайына қалай әсер еткені белгісіз. Ұшқыш ол кезде адвокат талап ете алмаған.

«Ауыр хәлдегі адамды, жансақтау бөлімінде жатқан науқасты қалай тергеуге болады? Ол өзін қорғап, адвокат талап ете алмаған. Сағаттап терминдерді түсіндіріп отырған. Бір емес бірнеше тергеуші болған. Бәрін видеоға түсірген. Дәрігерлер мұндай тергеуді тоқтатуға тырысқан, бірақ құзырлы органдар сонда да қоймады. Тек консилиумнан кейін, әкемнің ауыр психологиялық күйде екені ресми түрде тіркелді. Содан кейін ғана тоқтатылды», – дейді Алина.

Айта кетейік, қорғау тарапы сотта 2019 жылдың 30 желтоқсаны, 2020 жылдың 3 және 4 қаңтарында ұшқыштан алынған жауап хаттамасын дәлел ретінде танымау туралы өтінішпен жүгінді. Сондай-ақ ұшқышты тергеген ІІМ қызметкеріне қатысты жеке қаулы шығаруды сұрады.

Ұшқыштың қазасына тергеушілер кінәлі ме?

Марқұм ұшқыштың отбасы ауруханада жатқан адамнан жауап алған тергеушінің үстінен жылдар бойы арызданған. Алайда қолда дәлел болмағандықтан, іс аяқсыз қалған.

«Сотта іс материалдары тексеріліп жатыр. Бес жарым жыл ішінде том-том болып жиналып қалған. Ал әкемнен жауап алған тергеушінің үстінен анам жылдар бойы арызданды. Сотта тергеу кезіндегі видеолар көрсетілді. Енді айып тағуға негіз бар», – дейді Алина.

Отбасы көліктегі полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық кодекстің 146-бабы (қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас, азаптаулар) бойынша іс қозғауды сұрап отыр. Тергеу мен адам өлімі арасындағы байланысты анықтау үшін тергеу видеосы, медициналық құжаттар, сарапшылар қорытындысын іс материалдарына қосуды сұрайды.

Ұшқыштан 2019 жылдың 30 желтоқсаны, 2020 жылдың 3 және 4 қаңтарында жауап алынған/фотоны марқұмның отбасы ұсынды

«Өлген адамды айыптау оңай»

Алина Молдақұлова әкесіне айып тағылғанын 2024 жылдың көктемінде білген.

«Бізге ауыр тиді, бірақ таңғалған жоқпыз. Ұшақ апатындағы әдеттегі жағдай. Қайтыс болған адамды айыптау оңай. Оған дейін әкем қорғануға құқығы бар куә болды», – дейді Алина.

Сотта ұшқыштардың ұшаққа мұзға қарсы сұйықтық жағуға тапсырыс берген-бермегені де айтылды. Алинаның сөзінше, ол сұйықтықтың сапасына қатысты да түсініксіз жайттар бар. Ал сұйықтықты әуежай ұсынады. Тәуелсіз сарапшылар жолаушылар мен экипаж мүшелері заңсыз салынған үйге соқтығысу салдарынан қайтыс болғанын айтқан. 

«Өзін қорғай алмайтын, ненің қалай болғанын айтып бере алмайтын марқұм ұшқыштарды кінәлау оңай. Үкім қандай болатынын білмеймін. Сот жан-жақты қарап, әділ шешім шығарады деп сенемін. Өмірден өтіп кеткен әкемді кінәлі қылып шығарғанын қаламайтыным анық. Әкем – тергеуші қатыгездігінің құрбаны», – дейді Алина Молдақұлова.

Ұшқыштарға тағылған айып

Марқұм екі ұшқышқа Қылмыстық кодекстің 344-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген айып тағылған. Бұл бапта әуе көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай көрсетілген.