Жаңалықтар

«Ес-түссіз полицей мен жалаңаш әйел»: оқиғаның жалғасы не болды

Әйелдің мәйіті 2025 жылдың 1 қазанында табылған/фото: shutterstock

Қарағанды облысында ес-түссіз табылған полицей мен жалаңаш әйелдің мәйітіне қатысты істен кейін бірнеше қызметкер жұмыстан босатылды.

Оқиға Михайлов полиция бөлімінің тірек пунктінде болған. Содан кейін қызметтік тергеу және тәртіптік комиссияның отырысы өткізіліп, бөлім бастығы мен оның орынбасары қызметінен босатылды.

«Қарағанды қаласы полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің бірқатар басшылық құрамына қатаң тәртіптік жаза қолданылды», – делінген полиция баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Әйелдің мәйітіне байланысты барлық мән-жайды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ал учаскелік полиция инспекторы медициналық мекемеде ем қабылдауына байланысты қызметінен уақытша шеттетілді.

«Оны ішкі істер органдарынан шығару мәселесі емдеу аяқталғаннан кейін қаралады», – делінген ақпаратта.

Қылмыстық істі тергеу полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Айта кетейік, әйелдің мәйіті 2025 жылдың 1 қазанында табылды.