13 трлн теңге: 30 жыл жөндеу көрмеген құбырларды жаңғыртуға қаржы қайдан алынады

Қазақстанның бүкіл дерлік аймағында жарықпен жылу өндіретін станциялары, энергия тарататын жүйесі, үйді-үйге су мен жылу жеткізетін желілері, тоспа суды ағызатын кәріз құбырлары тозып тұр. Мәселен, ел аумағында тартылған электр желілерінің 63 пайызы ескірген. Ал жылу желілері мен кәріз құбырларының жартысынан астамы тозған. Кеңес заманында салынған жылу-электр станцияларында кейінгі жылдары апат жиі орын ала бастады. 2022 жылдың қарашасында Ридддер қаласының халқы, 2023 жылы Екібастұз қаласының тұрғындары қақаған қыста жылусыз қалды. Сол жылы Степнагорск, Ақтау, Балқаш, Теміртау, Көкшетау мен Жезқазған қаласындағы жылу жүйелерінде апат орын алған.
Оған қоса ірі қалаларда жыл сайын көп қабатты үйлердің бой көтеру инфрақұрылым жүйесінен түсетін салмақты одан әрі арттырып тұр.
Осы себепті үкімет биыл энергетика мен коммуналдық секторды жаңартуды қолға алып, ұлттық жобаны бекітті. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» деп аталатын құжатқа сәйкес, 2029 жылға дейін жалпы 13,5 трлн теңге инвестиция құрылмақ.
Бұл – Қазақстанның жылдық бюджетінің жартысына тең қаражат. Бұл қаржының 6,2 трлн теңгесі энергетика секторына, 6,8 трлн теңгесі коммуналдық саланы жаңғыртуға жұмсалады. Жоба аясында 200 табиғи монополиялар субъектісі мен 30 аса жылу орталығы жаңғыруы тиіс.
Энергетика саласын жаңғырту
Қазір Қазақстанда 77 энергия өндіруші кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 19-ыныуң жабдығы 65% тозып тұр. Жобаға сәйкес, энергия өндіретін 14 ірі жылу электор орталығы толық жаңғытылады. Оған 6,8 трлн теңге инвестицияның 1,8 трлн теңгесін жұмсау жоспарланған. Оған қоса, электр энергиясын өндіретін 15 жаңа нысан салынуы тиіс. Соның нәтижесінде 2030 жылға қарай Қазақстан өзін электр энергиясымен толық қамтамасыз етпек.
Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, қазір жетпеген жарықты Ресейден алып отырған Қазақстан сол кезде энергия импортынан бас тартады.
«Бұл жобалар іске асқан соң, 2030 жылға қарай 14 МегаВатт қосымша электр энергиясы пайда болады. Соны арқасында көрші елдердің энергиясына деген тәуелділіктен арыламыз»,- деді спикер.
Жаңа нысандар 5,2 МВт электр энергиясын өндірмек. Ал жаңғыртылған орталықтар қосымша 2 МВт энергия береді.
Ескі кәріз мен тозығы жеткен су-жылу құбырлары жөнделеді
Ресми дерекке сәйкес, елдегі қалалардың 98,9 пайызына, ал ауылдардың 96,6 пайызына су құбыры жүргізілген. Алайда сумен жабдықтайтын инфрақұрылымныің 40 пайыз тозып кеткен. Ал жартысынан астамы әбден ескірген. Осыдан екі жыл бұрын Ақмола облысындағы Нұра су құбырының тозуына байланысты жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланғаны белгілі.
Ескірген желілермен кеткен су мен жылу үйге жеткенше ысырап болып, ол тұтынушының қалтасынан төленеді. Ел аумағындағы жылу желілерінің ұзындығы 13 мың шағырым болса, оның 11 мың километрге жуығы коммуналдық меншікте, 2 мың километрге жуығы жекенің қолында Инфрақұрылымның басым бөлігі заман талабына сай емес. Жоба аясында 1622 км жылу желісін ауыстыру жоспарланған.
Қаражат қайдан алынады?
13,5 трлн теңге – ел қазынасына салмақ саларлық ірі сома. Қазақстан бюджетінде бұндай көлемде басы артық ақша жоқ. Қажет қаржының бір бөлігі республикалық бюджеттен алынса, бір бөлігі нарықтан қарыз ретінде тартылмақ. Сонымен қатар, табиғи монополия нысандарына жобаға қатысу үшін 10% көлемінже жеке қаржысын құю талабы енгізілмек.
«Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Әлия Мырзағалиева қаражат ел ішіндегі қаржы жүйесінің есебінен тартылатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Қаражат:
- банктерден,
- инвестициялық қорлардан,
- ішкі қарыз құралдарынан тартылады.
Бұл нарықтың өтімділігі халық пен бизнес депозиттері арқылы қалыптасады. Шетелен инвестиция тарту әзірге жоспарланбаған, себебі сыртқы нарықтарда валюталық тәуекелдер жоғары.
«Бұл – экономикада бар қаражат. Біз оны облигациялар және өзге де қаржы құралдары арқылы инфрақұрылымға бағыттауды ұсынып отырмыз», – деді Мырзағалиева.
Алайда қаржы тартудың бұл тәсіліне қарамастан, жобалардың құны тарифтерге әсер етпей қоймайды. Өтімділігі шектеулі саланы модернизациялау – қымбат процесс. Дегенмен, тарифтік қысым азаматтардың табысын төмендетпеуі тиіс болғандықтан, мемлекет пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тетігін енгізеді. Бұл коммуналдық кәсіпорындарға берілетін несиені арзандатып, жөндеу жұмыстарын мерзімінде жүзеге асыруға мүмкіндік бермек.