Beeline Қазақстан OLX платформасын 75 млн долларға сатып алмақ

Beeline Қазақстан елдегі танымал онлайн-сауда алаңы – OLX Kazakhstan-ды сатып алды. Келісім құны 75 млн долларды құрайды. Бұл туралы Beeline компаниясының иесі – халықаралық цифрлық оператор VEON Ltd. және OLX Group хабарлады.
Beeline Қазақстан енді OLX Kazakhstan-ның 100% үлесіне ие болады. Компания өкілдері мұны цифрлық қызметтер аясын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам деп атады.
VEON Group бас директоры Каан Терзиоглу Beeline Қазақстанның цифрлық инновациялар бойынша жетекші компания екенін айтып, онлайн-сауда алаңын сатып алу тұтынушыларға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Beeline Қазақстан бас директоры Евгений Настрадин бұл бірігу екі компанияның мүмкіндіктерін күшейтетінін айтты. Оның сөзінше, OLX платформасын Beeline экожүйесіне қосу арқылы клиенттерге арналған цифрлық сервистердің ауқымы кеңейеді және пайдаланушылар саны артады.
Өз кезегінде OLX Group басшысы Кристиан Гизи Қазақстандағы OLX командасының үлкен табысқа жеткенін атап өтіп, компанияны жергілікті нарықты жақсы білетін жаңа иесінің қолына беру дұрыс шешім екенін айтты.
Бұған дейін VEON компаниясы Қазақстанда финтех қызметтерін дамытуға және банктік лицензия алуға қызығушылық танытқан.