Депутаттар банк атауынан «халық» сөзін алып тастауды талап етті

Бір топ депутат банктер мен басқа да коммерциялық ұйымдар атауында «халық» («народный», «халықтық») сөзін қолдануды заңмен тыйым салуды ұсынып отыр. Парламенттің 50-ден астам депутаты қол қойған бастама қолдау тапса, «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 7-бабына енгізілуі ықтимал. Бұл туралы мәжілісмен Марат Башимов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Депутаттардың ұсынысына сәйкес, банк атауында бұған дейін тыйым салынған «ұлттық», «орталық», «мемлекеттік», «республикалық» сөздеріне қоса, енді «халықтық», «халық» сөздерін де қолдануға болмайды. Бастамашыл топ мұндай шешімнің құқықтық және қоғамдық негізі бар екенін айтады.
Мәжілісмендердің пікірінше, «халық» сөзі – Қазақстанда жай сөз емес, Конституциялық мәнге ие категория.
«Конституцияның 3-бабында: « Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп көрсетілген. Сондықтан «халық» сөзі бүкіл қоғамға тиесілі ұғым, оны жекеменшік ұйым иелене алмайды», – дейді депутаттар.
Олардың айтуынша, жеке меншік банк атауында «халық» сөзін қолдану азаматтарды жаңылыстырады, яғни банк ортақ қоғамдық институт сияқты көрінеді деген жалған әсер қалыптастырады.
Халықаралық тәжірибе қандай?
Депутаттың айтуынша, көптеген елде «ұлттық», «мемлекеттік», «федералдық», «халықтық» секілді сөздертек мемлекеттік органдар немесе қоғамдық иеліктегі ұйымдар атауында ғана қолданылады.
Мысалы, Германиядағы Volksbank – кооперативтік банктер желісі, яғни халықтың ортақ меншігі. Ал Қазақстанда «халық» сөзін жеке меншікке өткен коммерциялық банк иеленіп отыр.
Бұл бастама кімді меңзеп отыр?
Ресми мәтінде нақты атау аталмағанымен, бастама Құлыбаевқа тиесілі Halyk Bank атына тікелей қатысты екені түсінікті. Депутаттар банкті «жеке олигархиялық құрылым» деп сипаттап отыр.
Halyk Bank -Қазақстандағы ең ірі банк. 2025 жылдың маусымындағы мәлімет бойынша, оның активі 19,6 трлн теңгеге жеткен. Банк Лондон мен Алматы биржаларында тіркелген, ал оның негізгі иелері – Құлыбаевтар отбасы.