Жаңалықтар

Энергетика министрлігі: Қазақстанда Қарашығанақ газын өңдейтін балама кәсіпорын жоқ

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан әзірге Карашығанақ кен орнынан өндірілетін газды өңдеуде Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытына балама таба алмай отыр. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің сөзін «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі келтіреді.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қарашығанақ кен орнында өндірілетін газдың едәуір бөлігі шетелде өңделеді.

«Бүгінгі күні, өкінішке қарай, бізде балама жоқ. Қарашығанақтың шамамен 9 млрд текше метр газы жыл сайын Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді», – деді Ақкенженов.

Қазақстан өз газ өңдеу зауытын салмақ

Министр отандық газ өңдеу инфрақұрылымын дамыту қажет екенін айтып, Қаршығанақта жаңа газ өңдеу зауытын салу мәселесі көтерілгенін жеткізді.

«Қазір жаңа зауыт құрылысына қатысты параметрлер келісілып жатыр. Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытын «ҚазМұнайГаз» өз күшімен салады деп жоспарланып отыр», – деді ол.

2025 жылғы 3 шілдесінде Энергетика министрлігі Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты жобасы қайта қаралатынын хабарлаған. Жоба бастапқыда халықаралық консорциум аясында жүзеге асуы тиіс еді, алайда Қазақстан кейін оны өз бақылауына алуға ұмтылды.

Энергетика министрі сонымен қатар кен орнында өндіріс қысқарғанын және Орынбор зауыты газқабылдау көлемін шектегенін айтты.

Орынбордағы дрон шабуылы

Орынбор газ өңдеу зауытында болған төтенше жағдай Қазақстанның экспорттық бағытқа тәуелділігін айқын көрсетті. 2025 жылғы 19 қазанда зауытқа дрон шабуыл жасап, инфрақұрылымының бір бөлігі зақымдалды. Соның салдарынан кәсіпорын Қарашығанақтар шикізат қабылдауды уақытша тоқтатты.

Соған қарамастан, Қазақстанның ішкі нарығында газ тапшылығы болмады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, газ тұтынушыларға штаттық режимде жеткізілді.

Қазақстанның Орынбор ГӨЗ-іне тәуелділігі 2002 жылдан басталады. Сол жылы «ҚазМұнайГаз» бен «Газпром» бірлесіп «ҚазРосГаз» компаниясын құрды. Кәсіпорын Қарашығанақ газын Ресейде өңдеп, кейін Қазақстан мен Ресей нарығына жеткізеді.  Бұл зауыт шикі газды арзанға сатып алып, өңделген көгілдір отынды Қазақстанға үш есе қымбат бағаға сатып отыр. 

2007 жылы Karachaganak Petroleum Operating BV (KPO) мен «ҚазРосГаз» газ жеткізу туралы ұзақ мерзімді келісімге қол қойған. 2015 жылы келісімшарт 2038 жылға дейін ұзартылды. Құжатқа сәйкес, жылына кен орнынан өндірілетін 9 млрд текше метр газ Орынборда өңделуге тиіс.

Қарашығанақ – әлемдегі ірі газконденсат кен орындарының бірі. Оның мұнай қоры 1,2 млрд тонна, газ қоры 1,35 трлн текше метр деп бағаланады. Кен орнын 1997 жылдан бері 40 жыл мерзімге қол қойылған өнім бөлісу туралы келісім негізінде халықаралық KPO консорциумы игереді. Консорциумның негізгі үлескерлері – Shell мен Eni компаниялары, әрқайсысының үлесі – 29,25%. Сонымен бірге жобада америкалық Chevron компаниясы 18% үлеске ие. Ресейлік «Лукойлдың» үлесі – 13,5%. Қазақстан атынан жобада ұлттық компания «ҚазМұнайГаз» қатысып отыр, оның үлесі – 10%.