KEGOC акционерлеріне 22 млрд теңге дивиденд төлейді

KEGOC компаниясы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы таза табысының 65 пайызын дивиденд төлеуге жұмсайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Мәліметке сәйкес, кезектен тыс жалпы жиналыста 22,2 млрд теңге дивиденд бекітілді. Бұл бір жай акцияға шаққанда 80,90 теңгеден келеді.
Аудиттелген қаржы есебіне сай, 2025 жылдың қаңтар–маусым айларындағы KEGOC-тың таза пайдасы шамамен 34,3 млрд теңгені құрады.
Дивиденд төлеу 10 қарашадан басталады Ал дивиденд алуға құқығы бар акционерлердің тізімі 2025 жылдың 28 қазанына дейін бекітіледі.
Компания мәліметінше, IPO-ға шыққалы бері KEGOC акционерлеріне жалы есебі 327,5 млрд теңге дивиденд төлеген.
KEGOC Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын ескере отырып, электр желілерін жаңғыртуды бастаған.
KEGOC – Қазақстанның Біртұтас электр энергетика жүйесінің операторы. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша компанияның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры (85,49%). Сонымен бірге акциялардың 6,93 пайызы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тиесілі.