Қазақстан халықаралық нарықтан тағы 500 млн доллар қарыз алмақ

Қаржы министрлігі халықаралық қаржы нарығында 500 млн доллар еурооблигация орналастыруды бастады. Құнды қағаздардың айналым мерзімі – бес жыл, өтеу мерзімі 2030 жылдың 28 қазанына дейін жалғасады.
Эмитент жариялаған табыстылық бағдары АҚШ қазынашылық облигацияларының мөлшерлемесіне қосылған 120 базистік пункт деңгейінде белгіленген. Облигация бойынша купондық мөлшерлеме тұрақты, төлем жарты жыл сайын жүргізіледі.
Жаңа қаржы құралы бірден үш биржада листингке шығарылады: Лондон қор биржасы (LSE), Astana International Exchange (AIX) және Қазақстан қор биржасы (KASE).
Эмиссия бойынша ұйымдастырушылар қатарында Citi, J.P. Morgan және Standard Chartered сынды халықаралық қаржы ұйымдары бар. Сонымен қатар, Halyk Finance пен Teniz Capital қосымша жетекші менеджерлер ретінде тартылған.
Қаржы министрлігі инвесторлардан өтінім жинау процесін (букбилдинг) бүгін бастады. Ол Астана уақыты бойынша сағат 18:00-ге дейін қабылданады.
Айта кетейік, бұл – Қазақстанның биылға екінші рет сырттан қарыз алуы. Бұған дейін, маусым айында Қаржы министрлігі жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын еурооблигация орналастырған еді. Соның ішінде 7 жылдық облигациялар 1,35 млрд доллармен 5% купондық мөлшерлемемен, ал 12 жылдық облигациялар 1,15 млрд доллармен 5,5% мөлшерлемемен шығарылған.