Қазақстанның ТОП-20 импорт пен экспорт тауарлары қандай

Жарияланды
Қазақстанның ТОП-20 импорт пен экспорт тауарлары қандай/Фото: kursiv.media архивінен

2025 жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы айтарлықтай белсенділік танытты. Әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасы, санкциялық шектеулер мен жаңа логистикалық бағыттар елдің экспорттық және импорттық құрылымына елеулі әсер етті. Kursiv.Media ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып, елдің сыртқы саудасын қарастырып көрді. Сыртқы сауда  серіктестері мен негізгі тауарлары айқын түрде екі бағытқа бөлінеді: экспорт — шикізат пен металдарға, ал импорт — дайын өнеркәсіп өнімдері мен тұтыну тауарларына негізделген.

ИНФОГРАФИКА 01: Қазақстанның негізгі сауда серіктестері

Экспорт географиясы: шикізат бағытындағы алыптар

2025 жылғы сегіз айдың деректеріне сәйкес, Қазақстанның басты экспорт серіктестері мыналар:

  1. Италия — 21,0 млрд доллар
  2. Қытай — 18,7 млрд доллар
  3. Ресей — 10,5 млрд доллар
  4. Нидерланд — 7,5 млрд доллар
  5. Түркия — 4,8 млрд доллар
  6. Өзбекстан — 4,4 млрд доллар

Экспорт көлемі бойынша көш басында тұрған Италия — қазақстандық мұнайдың негізгі тұтынушыларының бірі. Елдің энергетикалық тәуелсіздік саясаты мен ОПЕК+ келісімдері аясында Қазақстанның бұл елге жөнелтетін шикі мұнайы энергетикалық баланстың маңызды бөлігі болып отыр. 2025 жылы қазақстандық мұнай мен газ конденсатының экспорттық табысы 25,8 млрд доллардан асты — бұл елдің барлық экспортының жартысына жуық бөлігі.

Қытайға экспорт көлемі 18,7 млрд долларды құрады. Бұл елге тек мұнай ғана емес, сонымен бірге мыс, ферроқорытпа және химиялық өнімдер жеткізіледі. Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі стратегиялық серіктес ел. «Бір белдеу — бір жол» бастамасы шеңберінде көліктік-логистикалық өзара байланыс та артып келеді.

Ресейге экспорт 10,5 млрд доллар деңгейінде. Негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік шикізаты мен мұнай өнімдері жөнелтіледі. Алайда, Ресеймен экономикалық қатынастар соңғы жылдары геосаяси факторларға байланысты күрделі сипатқа ие болды — логистика мен төлем инфрақұрылымындағы өзгерістер экспорт ағынына әсер етуде.

ИНФОГРАФИКА 02: Қазақстанның топ-20 экспорты

Экспорт құрылымы: энергия мен металл үстемдігі

Қазақстан экспортының 70%-ға жуығы шикізаттан тұрады. Топ-20 экспорттық тауар тізімінде бірінші орында мұнай мен газ конденсаты тұр — 25,8 млрд доллар. Одан кейінгі орындарда:

  • Мыс және өңделмеген мыс — $2,46 млрд
  • Бейорганикалық химия өнімдері — $2,08 млрд
  • Ферроқорытпалар — $1,39 млрд
  • Бидай және қара бидай қоспасы — $951,9 млн
  • Табиғи газ — $608,2 млн

Бұл құрылым Қазақстан экономикасының индустриялық деңгейін айқын көрсетеді. Экспорттың негізгі бөлігі шикі күйде шетелге жөнелтіледі, ал қосылған құн үлесі төмен. Мысалы, еліміз мыс пен алюминийді өңделмеген күйде экспорттап отыр, ал сол өнімдерден жасалатын дайын тауарлар (кабель, электроника, көлік бөлшектері) керісінше импорт тізімінде тұр.

Қазақстан соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібін қолдауға күш салғанымен, шикізаттық тәуелділіктен толық арылған жоқ. Мұнай бағасының әлемдік конъюнктурасына қарай экспорттық табыс та қатты ауытқып тұрады. 2025 жылы баррель бағасының 80–85 доллар диапазонында тұрақтауы экспорт кірісін сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

ИНФОГРАФИКА 03: Қазақстанның топ-20 импорттық тауары

Импорт құрылымы: шетелдік тауарларға тәуелді нарық

Қазақстанның импорт құрылымы — ел экономикасының әлсіз тұсын айқын көрсетеді. Импорттың басым бөлігі дайын өнімдерден тұрады:

  1. Жеңіл автомобильдер — $1,68 млрд
  2. Дәрі-дәрмек — $1,19 млрд
  3. Электрлік телефон және телеграф құрылғылары — $866 млн
  4. Киім және трикотаж бұйымдары — $828,7 млн
  5. Автокөлік бөлшектері — $715,2 млн
  6. Компьютер және ақпараттық техника — $642 млн

Импорттың жалпы сипаты тұтынушылық бағытта қалыптасқан: халықтың тұрмыс деңгейінің өсуі мен ішкі өндірістің әлсіздігі сыртқы тауарларға тәуелділікті арттырып отыр.

Мысалы, елде фармацевтикалық өндіріс бар болғанымен, дәрілік заттардың 70%-дан астамы импортталады. Сол сияқты, тұрмыстық техника мен смартфондар толықтай дерлік сырттан әкелінеді.

Сондай-ақ ауыр техника, экскаваторлар мен өнеркәсіп жабдықтарының импортына да миллиардтаған доллар жұмсалады — бұл елдің өндірістік секторында технологиялық тәуелділік әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Импорт серіктестері: Ресей мен Қытай үстемдігі

Импортта бірінші орында Ресей тұр — $29,4 млрд, ал екінші орында Қытай$29,1 млрд. Бұл екі ел Қазақстанның импорт көлемінің жартысынан астамын қамтамасыз етеді.

Ресейден негізінен жанармай өнімдері, құрылыс материалдары, азық-түлік және өнеркәсіп жабдықтары әкелінеді. Ал Қытайдан – тұрмыстық техника, электроника, жеңіл өнеркәсіп өнімдері және автокөліктер.

Одан кейінгі елдер арасында Германия ($4,6 млрд), Оңтүстік Корея ($3,7 млрд) және АҚШ ($3,5 млрд) бар. Бұл мемлекеттерден Қазақстан жоғары технологиялы құрал-жабдықтар мен көліктер сатып алады.

Түркия мен Өзбекстан да импорт бағытында көрініс табады: түрік киімдері мен тұрмыстық заттар, өзбек азық-түлік өнімдері мен құрылыс материалдары ішкі нарықта кеңінен таралған.

ИНФОГРАФИКА 04: Экспорт азайып, импорт өсіп келеді

Сауда теңгерімі: экспорт басым, бірақ құрылымдық тәуекел бар

Жалпы алғанда, Қазақстанның сыртқы саудасында экспорт көлемі импорттан басым. Бұл — сауда балансы оң нәтиже көрсетіп отыр деген сөз. Алайда сапалық тұрғыдан қарасақ, тепе-теңдік емес: ел шетелге шикізат жөнелтіп, дайын өнім импорттайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше 2025 жылдың қаңтар айынан бастап, экспорт теріс динамикаға шығып, импорт артқан.

Экономистердің есебінше, қосылған құн деңгейі төмен экспорт ұзақ мерзімде экономикалық өсімді тежейді. Өйткені шикізаттық кіріс тұрақсыз, ал дайын өнімге тәуелділік валюта бағамының тұрақтылығына қысым жасайды.

Болашақ бағыт: индустриялық әртараптандыру мен аймақтық интеграция

Қазақстанның сыртқы сауда саясаты алдағы жылдары экспорттың құрылымын әртараптандыруға бағытталуы тиіс. Бұл үшін:

  • Өңдеу өнеркәсібін тереңдету (металлургия, мұнай химиясы, машина жасау);
  • Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспорттау (ет, сүт, ұн өнімдері);
  • Цифрлық және логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажет.

2025 жылдан кейін еліміз Еуропа мен Азия арасындағы көлік дәлізінде шешуші рөл атқаруы мүмкін. «Транскаспий халықаралық дәлізі» (Middle Corridor) арқылы Қазақстанның экспорты Еуропаға, Түркияға және Таяу Шығысқа жаңа бағыттармен шығуға мүмкіндік алады. Бұл бағыт тек шикізат емес, дайын өнім экспортына да жол ашуы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз