Freedom Bank алғаш рет Kaspi мен Halyk деңгейіндегі сенім тобына енді

Жарияланды 21 Қазан 2025 13:48

Нұрән Әділет

Нұрән Әділет

BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Freedom Bank «жасыл аймаққа» шықты / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстандықтардың қаржы институттарына деген сенімі баяу болса да өсіп келеді. Соңғы үш жылда ең серпінді нәтиже көрсеткен – Тимур Турловтың Freedom Bank-і. 2019 жылы рейтингтің төменгі бөлігінде жүрген банк бүгінде Kaspi мен Halyk арасындағы «жасыл аймаққа» шықты. Бұл жайлы экономист Андрей Чеботарев 2025 жылғы Банктерге сенім индексінің қорытындысын жариялау кезінде хабарлады.

Чеботаревтің мәліметінше, халықтың банктерге орташа сенімі 3,06-дан 3,11 балға дейін өскен. Алайда басты жаңалық – Freedom Bank-тің сенім индексін 2,53-тен 3,19 балға дейін көтеруі. Бұл банк үш жылда клиенттер күмәнданатын ойыншыдан сенім тудырған қаржы институтына айналды деген сөз.

«Фридом банк тұрақты өсім көрсетіп келеді. Бұл – клиент қызығушылығының және банктің репутациялық капиталының күшеюі», – дейді Чеботарев.

Kaspi өз орнын әлі бермей тұр, бірақ индексі 2022 жылдан бері төмендеп келеді – 3,96-дан 3,79 балға дейін. Сарапшылар мұны нарықтағы бәсекенің күшеюімен және цифрлық банкингтің жаңа форматтағы ойыншыларға жол ашуымен байланыстырады.

Freedom Bank бүгінде жай банк емес, Турлов брендімен байланысқан цифрлық және инвестициялық экожүйе. Freedom Holding Corp. құрамындағы банк брокерлік, сақтандыру және қаржылық технологияларды біріктіріп, Kaspi мен Halyk дәуірінен кейінгі «жаңа сенім буынының» өкіліне айналып келеді.

2024 жылы Freedom Bank ForteBank пен Отбасы банкті басып озған еді. Биыл ол ресми түрде Kaspi мен Halykке жақындады.

Дегенмен рейтингтің төменгі жағында еш өзгеріс жоқ: Нурбанк бесінші жыл қатарынан антилидер.

Чеботарев мұны жай эмоция емес, экономикалық индикатор деп түсіндіреді.

«Клиенттердің сенімі – жай эмоциялық көрсеткіш емес, маңызды экономикалық фактор. Сенімге ие банк дағдарыс кезінде де салқынқанды әрекет ете алады, клиенттерін сақтап қалу үшін қосымша ресурстар жұмсамайды. Бұл тікелей оның тұрақтылығына және табысына әсер етеді», – деп түсіндірді экономист.

Freedom Bank – Freedom Holding Corp. құрамындағы қаржы институты. Бұл холдинг – Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы жетекші брокерлік және инвестициялық топ. Оның бас директоры және негізгі акционері – Тимур Турлов.

Қазақстанда холдинг Freedom Broker (KASE мүшесі) және Freedom Finance Global (AIX мүшесі) брендтерімен брокерлік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ топ құрамында Freedom Insurance, Freedom Life және басқа да еншілес ұйымдар жұмыс істейді.

Сондай-ақ оқыңыз