«ҚазМұнайГаз» мұнай барлау жобасы үшін 200 млн доллар капиталы бар серіктес іздейді

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы Ақтөбе облысында орналасқан «Шығыс» көмірсутек жобасын бірлесіп іске асыру үшін стратегиялық серіктес іздеп жатыр. Бұл жайлы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Мәлімделген талаптарға сәйкес, әлеуетті серіктестің меншікті капиталы кемінде 200 миллион доллар болуы тиіс.
«ҚазМұнайГаз» жаңа «Шығыс» жер қойнауын пайдалану жобасын бірлесіп жүзеге асыру үшін стратегиялық әріптес іздеуде. Бұл кен учаскесі мемлекеттік қорды басқару бағдарламасына енгізілген және ұлттық компанияларға жер қойнауын пайдалану құқығын беру көзделген көмірсутек қорлары тізіміне кіреді», – делінген компания таратқан хабарламада.
Серіктес компанияның Қазақстанда немесе шетелде кемінде 10 жылдық мұнай-газ саласындағы өндірістік тәжірибесі, сондай-ақ геологиялық барлау жұмыстарында кемінде 5 жылдық тәжірибесі болуы қажет.
Сонымен қатар серіктес компания тарату, қайта ұйымдастыру немесе банкроттық сатысында болмауы, сондай-ақ салық және өзге де міндетті төлемдер бойынша берешегі болмауы тиіс. Компания құрамында мұнай-газ саласында кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар мамандар жұмыс істеуі шарт.
Әріптес тарап геологиялық барлау жұмыстарына толық қаржыландыру міндеттемесін өз мойнына алады, сонымен қатар қол қою бонусын төлеуі немесе оны «ҚазМұнайГазға» өтеп беруі тиіс. Компания Қазақстан аумағындағы барлау жұмыстарына жеткілікті қаржылық мүмкіндігі барын растауы қажет және 2022–2024 жылдардағы аудиттелген қаржылық есебін ұсынуы керек.
Серіктес болуға ниетті компания стратегиялық серіктесті анықтау рәсіміне қатысу үшін 500 мың доллар көлемінде кепілдік жарна енгізуге дайын екенін жазбаша түрде растауы қажет.
Талаптарға сай келген компаниялар өтінімдері қаралған соң «Шығыс» жобасына қатысты геологиялық және геофизикалық деректерге қол жеткізу үшін төлем жасайды. Бұл төлем қайтарылмайтын сипатта болады және KMG-Barlau (ҚМГ-ның 100 пайыздық еншілес ұйымы) тарапынан жұмсалған шығындарды толық өтеуді қамтиды.
«Шығыс» жобасындағы «ҚазМұнайГаздың» үлесі 50% болады. Яғни серіктес компания барлық барлау шығындарын өз есебінен өтегенімен, жобадағы үлесі теңдей бөлінеді.
Минималды жұмыс бағдарламасына ұзындығы 500 шақырым болатын 2D сейсмикалық зерттеу, соның ішінде дала жұмыстары, мәліметтерді өңдеу және интерпретациялау, сондай-ақ тереңдігі кемінде 3,5 мың метр болатын бір барлау ұңғымасын бұрғылау кіреді. Ұңғымалардың нақты орналасуы мен тереңдігі геологиялық-геофизикалық деректер талдауының нәтижесіне қарай нақтыланады.