Сіздерге саясатты өзгерту керек: Ринат Зайыт Әлназарованың министрлігін сынады

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасының таныстырылымында Денсаулық сақтау министрлігін сынға алды.
Ринат Зайыт бұған дейін мәжілісте медицина саласын талқылау барысында «Сіздер ақшасы бар адамды емдеп, ақшасы жоқ адамды емдемейсіздер, бұл не алалау?» деп вице-министрден сұрағанын айтты. Сонда депутат министрліктің «Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанып отырған саясаты» деген жауабына таңғалған.
«Сондықтан сіздерге заңды емес, бірінші саясаттарыңызды өзгерту керек сияқты. Президенттің Жолдауында міндетті медициналық сақтандыру деген жоқ, «ерікті медициналық сақтандыру» деген бар. Сондықтан оны кім міндетті сақтандыру қылды? Бүгінгі заң жобаларыңызда медициналық туризмді дамытамыз дедіңіздер. Шетелден Қазақстанға емделушілерді тартамыз дейсіздер. Неге біз керемет дәрігерлерді шетелден алдырмаймыз? Құрылғы осында, аурухана осында, аурулар да осы елде. Біз бірақ жыл сайын ақша бөліп, шетелге жібереміз. Олардан нәтиже жоқ. Неге ол өзгермеген?» – деп сұрады депутат.
Бұл сұраққа жауап берген вице-министр Тимур Сұлтанғазиев ерікті деген – ерікті медициналық сақтандыру екенін, ал міндеттісі одан бөлек екенін жеткізді.
«Ал дәрігерлерді шетелде оқыту туралы айтар болсақ, қазір Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлерді шетелге де барып оқытады, қажет жағдайды шеберлік сағаты ретінде керісінше, шетелден дәрігерлерді әкеліп, қосымша оқытады. Екі жақты жұмыс жүргізіп жатыр», – дейді Тимур Сұлтанғазиев.
Вице-министр жедел жәрдем қызметі бұрынғыша жұмыс істеп жатқанын, пациенттерге ешқандай өзгеріс болмағанын, қажетті медициналық көмекті бәрі ары қарай алып жатқанын жеткізді.