Таразда жұмысшылар наразылыққа шықты

Таразда «Жасыл ел» мекемесінің 100-ге жуық жұмысшысы 20 қазанда наразылыққа шықты. Оларға Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберілген қоғамдық жұмысшылары да қосылған.
Жұмысшылар айлықтың аздығынан бөлек, жаңа басшылықтың жұртқа жекіп сөйлеп, кекетіп кемсітетінін айтады.
Тараздағы Тұңғыш президент саябағына жиналған аула сыпырушылар шарасыздықтан шаршағандарын ашық білдірген. Олар Президенттен бастап облыс әкіміне дейін шағымданды.
Инфромбюро сюжет арқылы осы наразылықтың қалай болғанын көрсетті.
«Сіздерден «Жасыл ел» мекемесіне назар аударуларыңызды өтінемін. Мекемеде көптеген заң бұзылып жатыр. 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» болғаны үшін қатты қуанып едік. Өйткені айлығымыз көтеріліп, сыйақы, үстеме қосылады деп үміттендік. Басшылыққа ҰҚК-да жұмыс істеген Ғалымжан Қайназаров деген кісі келді. Ол кісі жұмыс бабын асыра пайдаланып, тамыр-таныстарын, отставкаға шыққан достарын әкеліп, басшылыққа қойды», – дейді олар.
Жұмысшылар айлықтың аздығынан бөлек, міндетті жарналар да аударылмайтынын мәлімдеген. Дөрекі директордың сөзіне олар шыдамасқа бекінген.
«Мына «қатындарыңды» деп сөйлейді. Иә, үйде қатын шығармыз. Бірақ біз жұмыста жұмысшымыз», – дейді олар.
Жұмысшылардың алдына Ғалымжан Қайназаровтың өзі шыққан. Ол жұмыстан кеткен аула сыпырушылар «өз еркімен кетті» деген. Бірақ наразы топ оның сөзімен келіспейді.
Әкімдік не дейді
Kazinform мәліметінше, жұмысшылар айлықтың аздығына және зейнетақы қоры мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналар тұрақсыз аударылатынын айтқан. Ереуілшілерге қала әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков келген.
«Жалақыны көтеру мәселесі әкімдік тарапынан қарастырылып жатыр, қаржылық жағы өңір басшысымен келісілді. Келер жылдан бастап штаттағы қызметкерлердің жалақысы 20% өседі. Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы тартылған қоғамдық жұмысшылардың да еңбекақысы көтеріледі. Қазір 80-85 мың теңге алатындар барлық аударымдардан кейін 150 мың теңге алады», – деп уәде берді ол.
«Жасыл ел» мекемесінің аула сыпырушылары қаладан бөлек, бай-бағландардың үйін де сыпыртуға апаратынын айтқан.