2026 жылдан бастап электр самокаттарына тыйым салынады

2026 жылдың қаңтар айынан бастап Чехия астанасы Прагада электр самокаттарын жалға алу ресми түрде тыйым салынады. Бұл туралы Reuters хабарлады.
Қала билігі мұндай шешімді соңғы жылдары самокаттардың тротуарларда бейберекет қолданылып, жаяу жүргіншілерге қауіп төндіргенімен түсіндірді.
Прага вице-мэрі Зденек Гржиб бұл өзгерісті қала кеңістігін ретке келтіру жолындағы маңызды қадам деп атады:
«Электр самокаттарының дәуірі аяқталды! Біз қоғамдық орындарды тәртіпке келтіріп, жолдағы хаосты жоямыз», – деді ол.
Қалалық кеңес ортақ көлік жүйесіне қатысты ережелерді қайта қарап, жаңа талаптар енгізбек. Енді велосипедтерге арналған тұрақтар қатаң реттеледі, ал электр самокаттары бұл санатқа енбейді. Осылайша, қалада самокатты жалға алу қызметі толығымен тоқтатылады.
Прага билігі тұрғындар мен туристерден түскен көптеген шағымдардан кейін осындай шешімге келген. Ресми дерекке сүйенсек, электр самокаттары жол-көлік оқиғаларына велосипедтерге қарағанда жиі себеп болады.
Айта кетейік, Прага Еуропадағы басқа ірі қалалардың тәжірибесін басшылыққа алған. Мәселен, Париж бен Мадридте де самокатты жалға алуға тыйым салынған, ал Финляндияда жас шектеулері мен қауіпсіздік талаптары күшейтілген.
Қазақстанда да бұл тақырып өзекті. Бұған дейін Мәжіліс депутаты Абзал Құспан самокат жүргізушілеріне қатысты жаңа шектеу шаралары жаңа жылға дейін енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеген еді.