Елде миллионға жуық адам интернет-платформа арқылы табыс табады

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай / Фото: Делия Айдаралиева

Қазақстанда миллионға жуық адам сайт, маркетплейс тәрізді цифрлық платформалардан табыс табады. Қазір еңбек министрлігі оларды әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тартуға тырысып жатыр. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Kursiv ESG Conference жиынында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай айтты.

«Қазақстандағы миллионға жуық адам түрлі платформаларда жұмыс істейді. Еңбек министрлігі нарықта болып жатқан өзгерістерге жылдам бейімделуге тырысады. Оның ішінде еркін форматтағы фриланс жұмыс деген секторларды әлеуметтік қамтуға тырысады. Осы үшін өткен жылы Yandex Qazaqstan-мен бірге платформалардағы қызметкерлерді әлеуметтік қамту туралы пилоттық жоба бастадық. Жоба жақсы нәтиже көрсетті. Яндекс платформа арқылы 90 мың адам әлеуметтік пакетке қатысты», – деп атап өтті спикер.

Министрлік өкілінің сөзінше, интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін адамдар үшін ең қиын дүние – жеке кәсіпкер ретінде тіркелу. Кәсіпкер ретінде төлеуі тиіс салықты да адамдар үлкен жүк көреді. Сондықтан Салық Кодексіне интернет-платформаға қатысушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет емес деген өзгеріс енгізілген. Бірақ соған қарамастан Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі платформада табыс табатын азаматтарды әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тартуға тырысып жатыр.

«Платформалық қызмет он жыл бұрынғыдан әлдеқайда басқаша. Бүгінде интернет-платформада жұмыс істейтіндер орта білімі жоқ адамдар, олар үшін платформадан түсетін табыс жүйелі табыс емес. Бірақ оларға сақтандыру жүйесіне қатысу маңызды екенін түсіндіргіміз келеді. Олар тек 4%-дық міндетті төлем төлейді, ұжымдық табыс салығынан босатылған», – деп атап өтті Виктория Шегай.

Қазір Алматыда қоршаған орта, әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына арналған  Kursiv ESG Conference атты ірі бизнес-форум өтіп жатыр. Мына жерден онлайн-трансляциясын көруге болады.

Сондай-ақ оқыңыз