
Қазақстанда тұрақты даму жөніндегі халықаралық есеп беру стандарттарына (IFRS-дің S1 және S2) көшу басталды. Бұл туралы Kursiv ESG Conference 2025 форумында Ernst & Young компаниясының аймақтық басшысы Виктор Коваленко мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа стандарттарға көшу процесі ресми түрде басталып кетті. Ол үшін Қаржы министрлігі мен Ernst & Young бірге енгізу жөніндегі «жол картасын» әзірлеп жатыр.
«Қазақстан бұл бағытқа түсті. Біз қаржы министрлігімен бірге осы стандарттарға көшу жол картасын жасап жатырмыз. Жоба іске қосылды, процесс жүріп жатыр. ҚНРДА және Ұлттық банкпен өзара байланыс орнатылған», – деді Коваленко.
Спикердің түсіндіруінше, халықаралық стандарттарға көшу ESG-мәліметтерді ашу тәсілін өзгертеді. Бұған дейін компаниялар экологиялық, әлеуметтік және басқару тәуекелдері туралы деректерді бөлек есепте көрсететін. Ал жаңа ережеге сай, оның барлығы бір қаржылық есепте жазылуы керек.
« Бұрын компания ESG тәуекелдері мен әсері туралы бөлек баяндаса, енді олар қаржылық есептің ішінде ашылады. Яғни, ESG-тәуекелдердің компанияның табысына немесе шығынына қалай әсер еткені бір есепте көрініс табады. Бұл – бүкіл әлемге түсінікті IFRS стандарттарының аясында жасалады», – деп түсіндірді ол.
Коваленконың сөзінше, «жол картасын» әзірлеу шамамен үш жылға созылады.
Ал жаңа стандартқа толық көшу 2030 жылға дейін жалғасады.