
Елде 350 мыңға жуық газ баллоны 40-50 жыл бойы пайдаланылып келген, еш ауыспаған. Былтыр сол баллондарды пайдалану кезінде 70-тен астам төтенше жағдай тіркеліп, 90 адам зардап шеккен. Үкімет отырысында төтенше жағдай министрі бұл мәселенің әлі күнге шешілмей отырғанын мойындады.
Қазір айналымдағы ескі баллондарды пайдалануға қатысты пилоттық жоба іске қосылған.
«Былтыр ескірген тұрмыстық газ баллондарын пайдалану мен оларды таңбалау мәселесін көтергенмін. Қазір Щучинск және Степногорскте газ баллондарды таңбалау жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Алайда, елдегі газ баллондары өндіру және тозығы жеткендерін жою мәселелері шешілмеген күйде қалып отыр», – деді төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов.
Министрдің баяндамасын тыңдаған үкімет басшысы Олжас Бектенов те тұрмыстық баллондарды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптары жиі бұзылатынын айтты. Ол 40-50 жыл бойы ауыспай келген газ баллондарын дереу ауыстыру жөнінде тапсырма берді.
«Осы күнге дейін пайдалану мерзімі өтіп кеткен тұрмыстық баллондарды алып қою және кәдеге жарату тәртібі әзірленбеген. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге газ баллондарының айналымын бақылаудың нақты тетігін әзірлеуді тапсырамын», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Былтыр Қарағанды облысында 2 қабатты тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылды. Апаттан екі адам қайтыс болды, алты адам үйінді астын қалған.