Орынбор зауытына дрондар шабуылы: Қарашығанақта өндіріс қысқарды

Дрондар Орынбор газ өңдеу зауытына (Орынбор ГӨЗ) шабуылдаған соң, Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнында мұнай мен газ өндірісі қысқарды. Бұл туралы Reuters екі дереккөзінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Агенттіктің мұнай-газ саласына қатысы бар дереккөздерінің айтуынша, украин дрондары Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына шабуылдаған соң, көрші Қазақстанда Қарашығанақ кен орнында өндіріс 25-30%-ға қысқарды. Дүйсенбі күні мұндай өндіріс көлемі 25 мың тоннаға дейін төмендеді. Қарашығанақта тәулігіне 196 500 баррель шикізат өндіріледі.
Осының алдында ғана Қазақстанның энергетика министрлігі де өндіріс қысқарғанын мәлімдеген. Алайда министрлік те, оператор да нақты қаншаға азайғаны туралы ештеңе жарияламады. Қазақ үкіметінің дерегінше, Орынбор зауыты жөнделгеннен кейін ғана өндіріс бұрынғы қалпына түседі.
Бұл уақытта Украина билігі Орынбор облысындағы өндіріс нысанына шабуыл жасағанын растады. Зауыт Ресей мен Украина шекарасынан шамамен 1700 км жерде орналасқан.
Естеріңізге сала кетейік, 19 қазанда Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауыты дрондар шабуылына ұшырап, ірі кәсіпорын Қазақстаннан шикізат қабылдауды уақытша тоқтатты. Бұл зауыт шикі газды арзанға сатып алып, өңделген көгілдір отынды Қазақстанға үш есе қымбат бағаға сатып отыр.