
Күн сайын жаңа әндер жарыққа шығып жатса да, кей туындылар ел жүрегінен ойып тұрып орын алып, есте мәңгі сақталады. Ел аузындағы жүрген ондай хиттер арада жылдар өтсе де санадан өшпей, қайта керісінше жаңаша тыныспен жарыққа шығып жатады. Сөзі мен әуені үйлескен, халық жатқа айтатын сондай әндерге шолу жасағанды жөн көрдік. Оған қоса, туындылардың шығу тарихына қысқаша тоқталып, түпнұсқада және заманауи нұсқада орындап жүрген әншілер туралы да айтамыз.
«Мен деп ойла»
Бұл әйгілі әннің сөзін қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жазған. Лирикалық туындылардың хас шеберінің қаламынан туған бұл өлең жолдарына әуен жазып, белгілі композитор Төлеген Мұхамеджанов әнге әр берді. Композитор бұл әнді 1988 жылдары жұбайы Нұржамал Үсенбаеваға арнап жазған екен. Мұқағалидің өлеңдер жинағын парақтап отырып, «Мен деп ойла» туындысына көзі түседі. Осылайша махаббат жайлы ғажап ән өмірге келеді.
90-жылдары композитор «Ақжелкен» деген альбомын жарыққа шығармақ болып, жинаққа жаңа әнін де қосқысы келеді. Ойлана келе бұл әнді Айжан Нұрмағамбетоваға ұсынады. Басында әнші «тағы да лирикалық ән ұсынып отырсың ба?» деп аздап наразы болыпты. Бірақ ең қызығы сол, альбомдағы бүкіл әннің ішінен дәл осы «Мен деп ойла» халықтың көңілінен шығып, хитке айналған екен. Белгілі жазушы Дулат Исабеков те Төлеген Мұхамеджановқа осы ән жайлы жылы лебізін білдіріп, ұнағанын білдірген.
Әнді алғаш рет Айжан Нұрмағамбетова жеке орындап шыққанымен, кейіннен Қайрат Түнтековпен дуэт болып та шығарды. Негізі бұл әнге жазылған кавер интернетте өте көп. «Заман» тобының нұсқасы да жұртшылыққа ерекше ұнаған. Ал екі жыл бұрын жас әнші Yenlik орындап, әннің тынысын жаңаша ашты.
«Сен келерсің»
Бұл әнді көпшілік «МузАрт» тобының орындауымен жақсы біледі. Дегенмен алғаш орындаған — Ғаділбек Жаңай. Әннің сөзін ақын Анар Шамшадинова жазған. Өлең 2001 жылы Алматыда жазылған екен. Автордың айтуынша, жүрегінен шыққан өлең жолдарының ерекше тарихы бар. Сол кездері бойда тулаған сезімдерін осылай әдемі өлеңге айналдырған. Ал әуен авторы — Марат Ордабаев.
«Сен келерсің» әнінің шығу тарихы өте қызық. Композитордың жары Ұлзира Меңдіқұлова бір сұхбатында «бұл ән мен ас дайындап болғанша дайын болған» деп еске алды. Маңғыстаулық композитор ағасына сол кезде өнер жолына енді қадам басып жатқан Ғаділбек Жаңай келіп, даусына лайықтап ән жазып беруін сұрайды. Содан Марат Ордабаев демде әуенін жазып шыққан екен.
2003 жылы Анар Шамшадинова туған жеріне қайтып оралып, жерлестер бірігіп осы әнді жарыққа шығарған екен. Бастапқыда Ғаділбек айтып жүргенімен, үлкен сахнада Мейрамбек, Сәкен және Кенжебек орындап шыққан. Содан кейін бұл туынды абсолют хитке айналып шыға келді. Қазіргі жастар арасында танылуына Kyle Ruh жазған кавердің айтарлықтай үлесі бар. Оған қоса, «Сен келерсің» үнді сериалына саундтрек ретінде де қосылды.
«Бұлбұл құс»
Лирикалық бұл әсем әнді Қытайда тұратын қазақ қандасымыз Ахметжан Рабжанұлы жазған. Автор Қытайдың Іле-қазақ облысы, Моңғолкүре ауданында дүниеге келген. Өзі халық әндерін орындаушы, әрі өзі ән жазады. «Бұлбұл құс» әні Қазақстанға Қыдырәлі Болмановтың арқасында келген екен. Ең алғаш елімізде бұл әнді Нұржан Қалжан орындап, халық назарына ұсынған еді. Туынды бірден көпшіліктің көңілінен шығып, жүрегінен орын алды.
Ал Қыдырәлі Болманов сол кездері жас әнші ретінде енді танылып келе жатқан Нұржан Қалжанның продюсері болған. Болманов Қытайға сапарлап барғанында, бір концертте «Бұлбұл құс» әнін естіп қалған. Содан әннің ұнап қалғаны сонша, өзі орындап, репертуарына қосуға ниетті болады. Дегенмен ойлана келе өзінен гөрі Нұржанның бағын ашсын деп өнерпаздың ән қоржынына қосады. Продюсердің бұл шешімі өте сәтті болып, халық шынымен жылы қабылдайды. Әннің қалай туғаны, кімге арналғаны туралы ақпарат жоқ. Туындының кавер нұсқасын Ninety One тобының мүшесі Ace орындаған нұсқа да көптің көңілінен шықты.
«Ғажайып күй»
Бұл әнді әкесі мен баласы жазғанын біліп пе едіңіз? Туындының шығу тарихы өте қызық. Сөзін Баянғали Әлімжанов жазған. Ал ұлы әнші, актер Нұрлан Әлімжан әннің авторы. «Ғажайып күйдің» қалай жарыққа шыққаны туралы Нұрлан сұхбаттарында айтқан. Әкесінің кабинетіне кіргенде, әншінің көзі үстел үстіндегі ақ параққа түседі. Парақта бір шумақ өлең жазылған екен. Оқыған бетте ұнап қалғаны сонша сол қағазды бөлмесіне алып кетеді. Қолына гитара алып, әуенін шығарып көреді де, көп ұзамай бәрімізге белгілі ән өмірге келеді. Содан жаңа шыққан туынды туралы әкесіне айтып, екеуі бірлесіп «Ғажайып күй» деген атау береді. Әуенін ұмытып қалмас үшін диктофонға түсіріп алады. Ал енді Нұрлан Әлімжан бұл әнді кімге арнады деген сұрақтың да жауабы белгілі. Ол өзінің курстасы, Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Ақбота Рахатқа арнап шығарған екен.
Дегенмен екеуінің тағдыр жолы қосылмааған. Хит әннің халық арасында кеңінен танылуына «Азия» тобының ерекше орындауы да себеп болса керек. Алғаш сахнада 2004 жылы орындалған. Бірі білсе, бірі білмес, бірақ әу баста бұл топтың құрамында Нұрлан Әлімжанның өзі де болған еді. Тіпті топтың негізін қалаған десе артық болмас. Бірінші құрамда Нұрлан Әлімжан, Ринат Баситов және Азамат Тахиров болған. Дегенмен ол кезде топ атауы «Азия» болмаған. Нақты аты бекітілген кезде Нұрлан Әлімжан соло бағытты құп көріп, жеке кетеді. Осылайша оның орнына Ербол Шәріпов келген екен. Әсем әнді танытқан топтан шабыт алып, кейіннен талай әнші орындады. Жастарға, әсіресе, Mona Songz айтқан кавер ерекше ұнап, әлеуметтік желіде қайта танылуына себеп болды.
«Өмір-өзен»
Шәмші Қалдаяқовтың бұл туындысын білмейтін қазақ кемде-кем. «Өмір-өзен» – қанша жыл бұрын жазылса да, қай заманда да қаймағы бұзылмай, кез келген ұрпақ өкілінің жүрегінен орын тебетін ғажайып шығарма. Қазақ вальсінің королі шығарған әр ән ерекше. 1970-жылдары жарыққа шыққан туындының сөзін қазақтың әйгілі ақыны Мұхтар Шаханов жазған. Мағынасы терең, сөздері жүрекке дөп тиетін өлеңді Шаханов шабыттана жазғаны көрініп тұр. Өлең жолдары алдымен басылым беттеріне шығады. Шәмші Қалдаяқов сөзіне арнайы әуен жазып береді.
Дегенмен ол кездері ән көпшілікке таралмайды. Кейіннен Мұхтар Шаханов Қырғызстандағы Қазақстанның елшілігінде қызметте жүрген кезінде мұрағаттан «Өмір-өзенді» тауып алып, араға отыз жыл салып ән көпшілікке ұсынылады. Бұл туындыны қазақ эстрадасының өкілдері көп шырқады. Олардың қатарында Жұбаныш Жексенұлы, Гауһар Әлімбекова, Гүлмира Ақүрпекова сынды танымал әншілер бар. Дегенмен әннің әрін Алтынай Жорабаева ашты десек артық айтқанымыз емес. Ол репертуарына «Өмір-өзенді» қосып, бейнебаян түсірді. Халықтың көңілінен шықты. Бұл әнге кавер орындаған жастардың ішінде Taspay-дың нұсқасы жаңа реңк берді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 2000-жылдардағы рейтиңі жоғары Superstar телевизиялық шоуының қатысушылары қазір қайда жүргені туралы жазған едік.