Қазақстандық Akashi деректер орталығы өңірдегі қуат тапшылығы мәселесін шеше алады

Орталық Азияда, әсіресе Қазақстанда, заманауи деректерді өңдеу орталықтарына (ДӨО) сұраныс артып келеді. Бұл елдердегі экономиканы цифрландыру мемлекеттік деңгейдегі міндетке айналуда, ал сарапшылар бұл нарықты жүздеген миллион доллармен бағалап отыр.
Arizton зерттеу компаниясының дерегінше, Орталық Азиядағы деректер орталықтары нарығы 2022 жылғы 65 млн доллардан 2028 жылға қарай 179,7 млн долларға дейін өседі. Бұл жыл сайын шамамен 18,5% өсімді білдіреді. Алайда инвесторлар инфрақұрылымды біркелкі дамытпай отыр, бұл кей өңірлерде қуат жетіспеушілігіне әкелуде.
IKS-Consulting мәліметі бойынша, 2023 жылы Қазақстандағы коммерциялық ДӨО-ларда 3 463 серверлік сөре болса, 2024 жылдың соңына дейін олардың саны 3 775-ке жеткен (жылдық өсім шамамен 9%). Бұл ретте colocation қызметтеріне сұраныс жаңа қуаттардың құрылу қарқынынан жоғары болып отыр. Uptime Institute атап өткендей, жаһандық цифрлық жүктеменің артуы мен AI-инфрақұрылымға көшу энергетикалық жүйеге, инженерлік ресурстарға және еңбек нарығына қысымды күшейтуде.
Азия мен Таяу Шығыстың ірі компаниялары есептеу қуатын әртүрлі өңірлерге таратуға ұмтылуда. Бұл тұрғыда Қазақстан географиялық жағынан қолайлы, энергия ресурстары жеткілікті және реттеу саясаты ашық ел ретінде табиғи таңдау болып отыр.
«Біз өңірдің цифрлық дамуына қажетті есептеу қуатына деген сұраныстың қарқынды өсіп жатқанын көріп отырмыз. Сол себепті біз болашақтың цифрлық экономикасы үшін сенімді база қалыптастырып жатырмыз. Akashi – бұл бизнеске, мемлекетке және халықаралық компанияларға сенімділік, энергия және тұрақтылық ұсынатын инфрақұрылым» , – дейді Akashi Data Center бас директоры Владислав Минкевич.
Akashi Data Center жобасы — Uptime Institute тарапынан Tier IV деңгейінде сертификатталатын, қуаты 100 мегаватт және 4200 серверлік сөреге есептелген деректер орталығы. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жоба Қазақстан ішкі нарығы мен көршілес елдердің сұранысын қамтуға бағытталған.
«Бүгінде 500 сөрелік дата-орталық Қазақстанның да, халықаралық ойыншылардың да қажеттілігін қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан біз болашақты ескеріп, артық қуатпен салып жатырмыз. Қазір тек деректерді сақтайтын орын ғана емес, сонымен қатар жасанды интеллект жүктемесіне төтеп бере алатын тұрақты энергия, салқындату және қолжетімділік мәселелерін шешу маңызды»,– дейді Минкевич.
Жоба қазірдің өзінде Microsoft, Amazon, Google, China Mobile International және Virtuozzo сияқты әлемдік ірі компаниялардың қызығушылығын тудырған. 500-ден астам технологиялық компания әріптестік туралы өтініш жіберген.
Akashi жобасының басты артықшылығы — оның энергетикалық тәуелсіздігінде. Деректер орталығымен қатар қуаты 1 гигаваттқа дейін жететін жеке газ электр станциясы салынып жатыр. Бұл энергияның өзіндік құнын төмендетіп, пиковый жүктемелер кезінде тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Өңірдегі басқа елдер де осындай қуатты инфрақұрылымға бет бұрды. Мысалы, Әзербайжанда AzInTelecom Еуропа инвестициялық банкінің қолдауымен мемлекеттік бұлттық жүйені және жаңа дата-орталықтарды дамытып жатыр. Өзбекстанда қуаты 300 МВт болатын жобаның аясында Linkwise компаниясымен меморандумға қол қойылған.
Бұл бастамалар мемлекеттердің цифрлық даму басымдықтарымен ұштасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің соңғы жолдауында жасанды интеллектіні жедел дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Осы мақсатта елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды, ол осы бағыттағы жұмыстарды үйлестіретін болады.