Қазақстанда интернет нашар ұстайтын орындарда мәселе Wi-Fi арқылы шешілмек

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Азаматтар Wi-Fi желісі арқылы кез келген қолжетімді жерде дауыстық қоңырау шала алады \ Фото: kursiv.media архиві

2026 жылы қазақстандық абоненттер Wi-Fi желісі арқылы кез келген қолжетімді жерде дауыстық қоңырау шала алады және қабылдай алады. Бұл мүмкіндік VoWiFi (Voice over Wi-Fi) технологиясы арқылы жүзеге асады. Бұл туралы «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадин мәлімдеді.

Beeline брендімен жұмыс істейтін «Кар-Тел» өкілі елде әлі де мобильді байланыста «ақ дақтар» бар екенін айтты. Бұл жағдай тұрғындардың базалық станцияларды алып тастауды талап етуімен және құрылыстың тым тығыз салынуымен байланысты.

Аталған мәселені шешу үшін компания VoWiFi технологиясын енгізуді жоспарлап отыр. Ол тұрғын және кеңсе ғимараттарында байланыс сапасын арттырып, әлсіз сигналды аймақтарды азайтуға мүмкіндік береді.

«VoWiFi технологиясы Wi-Fi арқылы дауыстық қоңырау шалуға мүмкіндік береді. Біз оны қызметкерлер арасында сәтті сынақтан өткіздік, ал келесі жылы бұл технология барша абоненттерге қолжетімді болады», — деді Евгений Настрадин.

2025 жылы компания 500 жаңа станция орнатып, 1500 байланыс нысанын жаңғыртқан. Екі жыл қатарынан желі өткізу қабілеті 40%-ға артып келеді.

Айта кетейік, Қазақстанда 3G байланыс технологиясын 4G-ге ауыстыру жұмыстары басталды.

Сондай-ақ оқыңыз