Жаңалықтар

Digital Bridge форумының шығыны неге құпия – министрлік түсіндірді

Токаев переименовал Digital Bridge
Фото: Digital Bridge

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев Digital Bridge форумында не себепті интернет дұрыс жұмыс жасамағанын түсіндірді. Оның айтуынша, қатысушылар саны тым көп болғандықтан, байланыс желілеріне үлкен салмақ түсірген. Сондай-ақ ол форумның шығынына қатысты сұраққа пікір білдірді.

«Көп құрылғы бір мезгілде ғимарат ішінде болғанда, олар бір-біріне радиоқиындықтар тудырады, осылайша байланыста уақытша үзілістері байқалды. Бірақ бұл мәселе жедел шешілді, оператордың көмегімен қосымша бес базалық станция қосылды. Сонымен қатар, форум барысында аумақта Wi-Fi жүйесі де жұмыс істеді», – деді вице-министр Үкіметтегі брифингте.

Сондай-ақ ол халықаралық Digital Bridge форумы толығымен демеушілердің қаржысы есебінен ұйымдастырылғанын айтты.

«Digital Bridge форумы толығымен демеушілермен қаржыландырылды. Демеушілермен арадағы келісімге сәйкес, бұл ақпаратты (қаражат көлемін – ред.) жариялай алмаймыз. Бірақ толығымен демеушілер қаражасына өтті. Нәтижесін көріп жатырмыз. Форумда 40-тан аса құжат пен меморандумға қол қойылды», – деп түсіндірді ол.

Айта кетейік Digital Bridge 2025 форумы дәстүрлі түрде болады, осымен сегіз жыл қатарынан өткізіліп отыр. Спикерлер қатарында Telegram негізін қалаушы Павел Дуров, inDrive негізін қалаушы Арсен Томский, БАӘ-нің ЖИ министрі Омар Аль-Олама сияқты білікті халықаралық сарапшылар болды. Форумнан хабар таратуға барған журналистер ұйымдастырылудың өте нашар болғанын, тілшілердің кіруі шектелгенін айтады.