
Премьер-министр Олжас Бектенов азаматтардың жеке мәліметтерінің таралуына жазаны қатаңдатуды ұсынды. Себебі бүгінде телефон және интернет-алаяқтық жағдайлары көбейіп жатыр.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, алаяқтық істердің дені шетелдік нөмірлердің және ұлттық жүйеде тіркелмеген құрылғылардың көмегімен жасалады.
«Сондықтан Жасанды интеллект және Ішкі істер министрліктері осындай заңсыз әрекеттерге тосқауыл қою жұмыстарын күшейтуі қажет. Деректер базасынан азаматтардың дербес мәліметтерінің таралып кеткені үшін жазаны қатаңдату керек. Мұндай талап мемлекеттік органдармен қатар, қаржы ұйымдарына, мобильді операторлар мен жеке бизнеске де қатысты болуға тиіс»,– деді Бектенов.
Бұдан бөлек, Бектенов балалардың цифрлық кеңістікте қорғалуын қамтамасыз ету үшін sim kids жобасының тәжірибесін кеңінен таратуды тапсырды.
Байланыс нысандарындағы бюрократия
Олжас Бектенов атап өткендей, байланыс нысандарын салу кезінде басы артық бюрократиядан арыла алмай келеміз. Кейде антенна бағанын орнату жұмыстарының өзі бір жылға дейін созылып кететінін айтады.
«Жаппай цифрландыру жағдайында мұндай үдерістерді оңтайландырып, барынша жеделдету керек. Жасанды интеллект министрлігіне Өнеркәсіп және Құрылыс министрлігімен және байланыс операторларымен бірге бір ай мерзімде осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын»,– деп нақыталды Үкімет басшысы.
Әкімдіктер байланыс операторларына көмектесуі керек…
Бектенов облыс әкімдіктеріне байланыс операторларына қолайлы нысандардағы базалық станцияларды орналастыруға жер бөлуге көмектесуді тапсырды.
«Елді мекендерде байланыс пен интернет сапасы төмен аймақтардың мәселесін біржола шешу үшін өңір әкімдіктеріне байланыс операторларына базалық станциялар орнатуға орын бөлуге, соның ішінде кез келген қолайлы нысандарда орналастыруға жәрдемдесуді тапсырамын«,– деп мәлімдеді Бектенов.
Еске сала кетейік, осыған дейін алаяқтар пайдаланған «RAKS exchange» сервисінің 5,2 млрд теңгесі бұғатталғанын жазған едік.