Қазақстанда 3G байланыс технологиясын 4G-ге ауыстыру жұмыстары басталды

Ірі қалаларда ескірген 3G технологиясынан 4G жүйесіне көшу процесі қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (МТС) басқарма төрағасы Александр Бабичев айтты.
Қазақстандағы ұялы байланыс
Оның айтуынша, компания қазіргі таңда Tele2 және Altel операторлары арқылы 10 миллионнан астам абонентке қызмет көрсетуде.
«Жақсы дамыған инфрақұрылым мен интернет тұтынудың жоғары деңгейінің арқасында, компания желісі еліміздегі жалпы мобильді интернет трафиктің 50%-дан астамын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар биыл МТС компаниясы Қазақстандағы ең ірі жекешелендіру мәмілесіне нысан болды. Бұл жекеменшік инвесторлардың республикаға деген сенімін нығайтудың маңызды қадамы саналады»,
– деді Александр Бабичев.
3G-ден 4G және CDN-ге көшу
Оның айтуынша, 2023 жылдан 2025 жылға дейін МТС ұялы байланыс желісін салу және жаңғыртуға 240 млрд теңгеден астам инвестиция салған. Соңғы екі жылда 5 мыңнан аса жұмыс атқарылды. Негізгі басымдық – Қазақстанның барлық ірі қалаларында 3G желісін толықтай 4G-ге ауыстыру. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл мобильді интернет сапасын жақсартып, контентті жүктеу жылдамдығын арттырады.
Осыған дейін Жаслан Мәдиев Қазақстанда 5G желісін тарату жұмыстары қандай деңгейде екенін айтқан болатын.