Қарағанды – Қарқаралы тасжолының жөндеу жұмыстары аяқталды. Сапа сын көтере ме?

Осы уақытқа дейін мардымды жөндеу көрмей келген республикалық маңызға ие Қарағанды – Қарқаралы тасжолының орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ хабарлады.
Өңір үшін маңызды жол
Қарағанды – Қарқаралы бағыты өңір үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл жол облыс орталығын Қарқаралы қаласымен байланыстырып, туристік және табиғи нысандарға көлікпен қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Жолдың жалпы ұзындығы шамамен 200 шақырымды құрайды.
Аталған бағытты жергілікті тұрғындармен қатар ұлттық парк пен табиғи аймақтарға бет алған туристер де пайдаланады.
2025 жылы 85 шақырым жол жаңартылды
Ағымдағы жылы мердігерлер Көкпекті-Шешенқара бағытындағы жалпы ұзындығы 85 шақырым болатын учаскелерде орташа жөндеу жұмыстарын аяқтады. Жөндеу жұмыстары аясында жол жамылғысы қалпына келтіріліп, тегістелді, жол жиегі нығайтылып, жол белгілері жаңартылды.
Туризмді дамыту
«ҚазАвтоЖол» мәліметінше, жоба жүзеге асқаннан кейін облыс елді мекендері арасындағы көлік қолжетімділігі айтарлықтай жақсарды. Жөндеу жұмыстары жол қозғалысының жайлылығы мен қауіпсіздігін арттырып, жол жүру уақытын қысқартты және өңірдің туристік әрі экономикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік туғызды.
Еске салайық 13-нен 14 қыркүйекке қараған түні дәл осы республикалық маңызы бар жолда екі ірі жол-көлік оқиғасы болып, 5 адам қаза тапқан болатын.