Beeline, Kcell, Altel тарифтерін 20%-ға дейін көтеруді жоспарлап отыр

Қазақстандықтарды 2026 жылдың басында тағы да ұялы байланыс пен интернет тарифтерінің өсуі күтіп тұр. Байланыс операторлары тарифтерді шамамен 15-20% арттыруды көздеп отыр. Олар мұның басты себебі – электр энергиясы мен импорттық жабдықтардың қымбаттауы және ҚҚС (қосылған құн салығы) деңгейінің өсуінде деп түсіндіреді.
Үкіметтің брифингінде оператор өкілдері тарифтерді қайта қаралатынын айтты.
Мәселен «Қазақтелеком» басқарма мүшесі Ержан Мейрамовтың сөзінше, қолданыстағы ережелер операторларда экономикалық негіздер болса, тарифтерді көтеруге мүмкіндік береді.
«Тариф құрамына операторлардың шығындары кіреді, соның ішінде электр энергиясы мен шетелдік жабдыққа қатысты шығындар бар. Егер олардың бағасы өссе, бұл қызмет құнына тікелей әсер етеді», – деді ол.
«Қазақтелеком» өкілі 2026 жылы бағаны көтеру туралы шешімді мобильді операторлар өздері қабылдайтынын атап өтті.
Kcell әлеуметтік тарифтері 2026 жылдың соңына дейін өзгермейді
Kcell басқарма төрағасы Асқар Жамбакин болса, егер жалға алу төлемдері артса және теңгенің бағамы әлсіресе, операторға тарифтерді міндетті түрде көтеруге тура келетінін мәлімдеді.
Асқар Жамбакиннің айтуынша, 2024 жылы Kcell тарифтерді көтермеген. Сонымен қатар, әлеуметтік тарифтер 2026 жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалады.
«Қазіргі уақытта есептеулер жүргізіп жатырмыз. Клиенттерге өзгерістер туралы заңнама талаптарына сәйкес алдын ала хабар беріледі», – деді компания өкілі.
Beeline: Өсім шамамен 15–20% болады
Қазақстандағы Beeline бас директоры Евгений Настрадин де тарифтердің 2026 жылдың қаңтарында көтерілуі мүмкін екенін растады.
«Біз жалпы тарифтерді жылына бір реттен жиі өзгертпейміз. Келесі жылы ҚҚС өседі, бұл маңызды фактор. Қаңтар айында тарифтерді түзетуді жоспарлап отырмыз. Өсім шамамен 15–20% болады деп ойлаймын», – деді ол.
Tele2 және Altel тарифтері де қымбаттайды
Ал Tele2/Altel-мен жұмыс істейтін «Мобайл Телеком-Сервис» компаниясының бас директоры Александр Бабичевтің айтуынша, тарифтерді қайта қараудың басты себебі, операторлардың табысын арттыру емес, инфрақұрылымға инвестиция тарту.
«Интернетке деген сұраныс артып келеді, ал инфрақұрылым бұл өсімді қуып жете алмай жатыр. Біз желіні дамытуға бұрынғыдан да көп қаржы салуға мәжбүрміз, ал жабдықтар шетел валютасына сатып алынады», – деп түсіндірді ол.
Бабичевтің айтуынша, компаниялар келесі жылдың бюджеттерін жасап жатыр және оған ҚҚС-тың өсуі, инфляция мен жабдыққа кететін шығындар сияқты факторлар ескерілуде.
«2023 жылмен салыстырғанда бір абонентке шаққандағы трафик көлемі біздің желімізде 40%-ға артты. Біз тарифтерді шамамен 15–20% көтеру мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді Tele2/Altel өкілі.
Осылайша, ұялы байланыс операторлары 2026 жылы салық жүктемесінің артуы мен инфрақұрылымға кететін шығындардың көбеюі байланыс қызметтерінің қымбаттауына әкелуі мүмкін екенін болжап отыр.
Еске салайық жыл басында Tele2, Altel және Beeline тарифті түсіруге келіспей, монополияға қарсы агенттікпен соттасып жатқан болатын. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылғы бағадан бөлек, 2024 жылы тарифтің қымбаттауы бойынша да тергеу жүргізуге ниетті.