Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үлкен деректерді өңдеу орталығын қалай салып жатыр

Жарияланды
Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үлкен деректерді өңдеу орталығын қалай салып жатыр
Владислав Минкевич / Akashi Data Center.

Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үлкен Tier IV деңгейіндегі деректерді өңдеу орталығы салынып жатыр. Жобаның бірінші кезеңі келесі жылдың басында іске қосылады деп жоспарланған. Жобаны Akashi Data Center компаниясы жүзеге асырып жатыр. Оның бас директоры Владислав Минкевич «Курсивке» саладағы жаһандық трендтер туралы әрі ДӨО Қазақстанға өңірдегі цифрлық көшбасшылықты нығайтуға қалай көмектесетіні жайлы айтып берді.

Владислав, сіз орталығыңызды «үлкен деректер» аймағындағы өңірлік кластер ретінде позициялайсыз. Бұл стратегиялық таңдау ма?

– Akashi бастапқыда Қазақстанның ғана емес, өңірлік және ғаламдық ойыншылардың бизнес міндеттерін шешу үшін жасалған халықаралық жоба ретінде ойластырылды. Осы тұрғыдан алғанда, біз Орталық Азия мен ғаламдық желі арасында цифрлық көпір болуға тиіс алаң құрып жатырмыз. Бұл жай ғана инженерлік құрылыс немесе серверлер жиынтығы емес. Бұл инфрақұрылым, басқару, халықаралық стандарттар мен адами капиталды біріктіретін толыққанды технологиялық экожүйе.

Осы міндеттерге сүйене отырып, біз саладағы ең сенімді шешімді таңдадық. Uptime Institute классификациясы бойынша Tier IV деңгейіндегі ДӨО жүйелік ақаулар немесе жөндеу жұмыстары кезінде де істей береді. Жобаның бірінші кезеңі 50 МВт қуатқа есептелген, бірақ оны 100 МВт-қа дейін кеңейту мүмкіндігі бар. Жалпы, бірнеше жыл ішінде біз 4 200 стеллажды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл қазіргі таңда өңірдегі барлық операторда бар қуаттың жиынынан да көп. Есептеулеріміз бойынша инвестицияларды, яғни 210 млн долларды, төрт жыл ішінде қайтаруымыз мүмкін. Бұл – жақсы бизнес.

Жоба бастапқыда жоспарланғаннан сәл кешірек басталғанымен, динамиканы және жалпы жұмыс кестесін сақтай алдық. Қазір құрылыс белсенді кезеңде: ғимараттар тұрғызылып, инженерлік жүйелер мен электрмен жабдықтау орнатылып жатыр.

Не себепті мерзімнен кешіктіңіздер?

– Жобаны іске асыру барысында бұрынғы басшылық шешімдерінің салдарымен ұшырастық. Бұл тек басқарушылық қателіктер ғана емес. Біз қаражатты ысырап ету мен мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтадық. Барлық материалдарды жинақтап, ресімдеп, Астана қаласының Полиция департаментіне тапсырдық. Қазіргі уақытта бірнеше адамның ісіне қатысты сотқа дейінгі тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық егжей-тегжейін жариялай алмаймыз, бірақ командамызбен жинақталған материалдар кінәлілерді әділ жазаға тартуға жеткілікті екеніне сенеміз. Толықтай уәкілетті органдардың кәсібилігіне сеніп артып, жобаны әрі қарай іске асыру жолында алаңсыз жұмыс істеп жатырмыз.

Яғни, мәселені тез арада шеше алдыңыздар ма?

– Жалпы айтқанда, солай. Біз басқарушылық тәсілдерді жедел түрде қайта қарап, қаржылық стратегияны жаңартып, көп деңгейлі бақылау енгіздік. Бұл бізге тек жоғалған уақытты өтеп қана қоймай, бастапқы жоспарға толық сәйкес келетін кестеге шығуға мүмкіндік берді.

Акционеріміз, Freedom Holding Corp. негізін қалаушы Тимур Турлов жобаны тұрақтандыруда маңызды рөл атқарды. Оның қатысуы ресурстарды қамтамасыз етіп, тұрақтылық орнатты әрі бұрынғы салдарды еңсеруге емес, құрылысқа ден қоюға мүмкіндік берді. Осылайша, қысқа мерзімде жаңа қазақстандық мамандардан тұратын команда құрылып, олар процесті қалыптастырып, жобаны қайтадан динамикаға келтірді.

«Жобаның қайта жандануынан» кейін тағы не өзгерді?

– Біз «тесік жамаудан» ада болдық. Процесстерге реинжиниринг жасап, басқару жүйесін толық қайта ойластырдық.

Біріншіден, біз қаржылық контурды толықтай қайта құрдық: қазір әрбір төлем бірнеше деңгейлі тексеруден өтеді.

Екіншіден, мердігерлермен жұмыс істеу тәсілін реформаладық: барлық келісім-шарттар комплаенс-фильтрден өтеді, бейресми схемалар мен жалған қызметтер жойылды.

Үшіншіден, жобаны басқаруға деген көзқарасты өзгерттік: апталық спринттер мен жария дашбордтар енгіздік, ол жерден команда барлық мерзім мен тәуекелдерді нақты көре алады.

Иә, бұл бұрынғыдан қатаңдау, бірақ дәл осы ашықтық серіктестердің сенімін қайта оралтуға және құрылысқа бастауды жол ашты.

Сонда сіздерде клиенттер қазірдің өзінде бар ма?

– Иә, бірінші кезекті келесі жылдың бірінші тоқсанында іске қосуды жоспарлағанымызға қарамастан, қуаттың шамамен 40%-ы қазірдің өзінде резервтелген. Олардың ішінде жергілікті ойыншылар да бар, айталық банк секторы, IT-компаниялар, телеком және т.б. Сонымен қатар, China Mobile International және Virtuozzo компанияларымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен 500-ден астам қызығушылық хаттарын алдық. Оның қатарында бұлтты провайдерлерден бастап AI-стартаптарға дейін бар.

Біз Google, Amazon, Microsoft және басқа да технологиялық корпорациялармен белсенді келіссөз жүргізіп жатырмыз. Оларға Қазақстан тек идея емес, дайын әрі сенімді инфрақұрылымды ұсынатыны маңызды болып отыр.

Осындай серіктестерді тартуға қандай факторлар әсер етті?

– Ең алдымен – сенім. Әрбір ірі компания тек технологияны ғана емес, сонымен бірге жобаның қалай басқарылып жатқанын бағалайды. Соңғы бірнеше ай ішінде біз корпоративті басқару жүйесін құрып, оған комплаенс, көп деңгейлі бақылау және негізгі бағыттар бойынша есептілік сияқты ашықтық принциптерін енгіздік.

Екінші фактор – болжау мүмкіндігі. Серіктестер біз берген уәдемізді орындайтынымызды көріп отыр. Құрылыс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, бұл – негізгі көрсеткіш. Қазір бірінші модульдің негізгі құрылымдары аяқталды, инженерлік жүйелер орнатылып, жабдықты орнатуға дайындық жүргізіліп жатыр.

Қайталап айтайын, маңызды нәрсе контексте жатыр. Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту бағытын таңдады. Бұл саладағы бұрын жүзеге асқан жобалар әлемге жақсы таныс, ең алдымен ойға келетіні мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселесі. Бұл, сөзсіз, елдің бенчмаркі. Қазақстан экожүйелерді құруда қазір әлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Бұл – объективті факт.

Мемлекеттік деңгейде мәселе ерекше назарда тұрғаны рас.

Иә, цифрландыру – ең басты басымдықтардың бірі. Бұрын экономиканы «ұшыру» үшін теміржол желілерін салатын болса, қазір цифрлық инфрақұрылымды құрады. Бұл – әлемдік тренд. 2024 жылы деректер орталықтарының әлемдік нарығының көлемі 350 миллиард доллар деп бағаланса, 2034 жылы ол 1 триллион долларға жетеді. Мысалы, өткен жылы әлемдегі автокөлік нарығының көлемі 2,5 триллион доллар болды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан, цифрландыруды елдің стратегиялық мақсатына айналдырған мемлекет ретінде, жетекші экономикалармен бірге қадам басып келеді, кейбір жағдайларда оларды озып та кетеді. Бұның бәрі декларация деңгейіндегі әрекет емес. Мемлекет осы бағытта бизнестің күш-жігерін барынша қолдайды. Біз профильді министрліктермен тұрақты байланыстамыз. Олар осы мәселе бойынша жоғары деңгейдегі сараптама мен біліктілікке ие. Егер мемлекет бұл салаға қолдау көрсетпегенде, Қазақстан бүгінгі көшбасшы орнынан көріне алмайтын еді.

Бұл жерде жасанды интеллект технологияларын дамыту міндеттін де атап өту маңызды. Сіздер де осы бағытта жұмыс істейсіздер ме?

– Жасанды интеллект айналасындағы кез келген сөз инфрақұрылымнан басталады. Алгоритмдер, модельдер, үлкен деректер – бұның барлығы ауқымды есептеу қуатын қажет етеді. Әлемдік деңгейдегі деректер орталықтары болмаса, ЖИ тек теориялық жоба болып қалатын еді.

Біз дәл осы негізді мемлекет пен бизнеске ұсынып отырмыз. Компанияларға модельдерді оқыту, AI-платформаларын орналастыру және деректерді ел ішінде сақтау үшін жағдай жасап жатырмыз, бұл ретте қауіпсіздік пен тұрақтылыққа кепілдік беріледі. Бұл – тек технологиялық жоба емес, бұл – Қазақстанды өңірлік цифрлық және AI-қызметтер хабына айналдыратын қадам.

Сіздер деректер орталығынан бөлек, қосымша энергетикалық инфрақұрылымды дамытасыздар ма?

– Деректер орталығы энергетикадан бөлек тұра болмайды. Ол тірі организм, тұрақты энергиямен жабдықтауға әрі тиімділікке тәуелді. Біз қуаты 1 ГВт дейін жететін өзіміздің газ электр станциясын жобалап жатырмыз. Бұл тәуелсіздікті қамтамасыз етіп, үзілу қаупін азайтады және энергияның бәсекеге қабілетті бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Параллельді түрде жаңартылатын энергия көздеріне қосылу мүмкіндігін зерттеп жатырмыз. Әлем көміртегі бейтараптығына қарай жылжып келеді, біз де соған дайын болуымыз керек. Akashi бастапқыда төмен көміртекті із қалдыратын, жоғары энергетикалық тиімділікке ие жоба ретінде қарастырылған.

Мұндай деңгейдегі жобаларға мамандарды қайдан табасыздар?

– Ең бастысы – ел ішінде мүмкіндік жасау. Біз білім беру бағдарламаларын бастауға және университеттермен серіктестік орнатуға ынталымыз, осылайша жергілікті инженерлер мен инфрақұрылымды пайдалану мамандарын даярлаймыз. Жастар жобалаушы алаңда тәжірибе жинап, Tier IV деңгейіндегі нысан қалай салынғанын және жұмыс істейтінін көріп, халықаралық талаптармен танысады. Осылайша, елде қалатын инженерлер мектебінің жаңа буыны қалыптасып жатыр.

Сондай-ақ қазір мемлекет тарапынан осы мамандықтарды дамыту үшін қандай күш-жігер қабылданып жатқанын көріп отырмыз. Университеттерде жаңа бағыттар ашылып, цифрлық экономика үшін кадрлар тәрбиеленіп жатыр. Президент жасанды интеллект және оған қатысты салаларды зерттеуге бағытталған арнайы университет ашу қажеттігін айтты. Яғни барлық деңгейде қазіргі уақытта болашақ ұрпақ үшін іргетас қаланып жатқанын әрі ең бастысы ол ішкі ресурстарға негізделгенін ұғыну бар. Цифрлық тәуелсіздік – тек мемлекеттің қауіпсіздігі мен болашағының мәселесі емес, экономикалық өркендеудің негізі. Ал одан бәрі ұтады.

Сондай-ақ оқыңыз