Жаңалықтар

«Байланыс нашар, интернет баяу»: Жақыпов неге тариф қымбаттай беретінін түсіндірді

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Астанада ұялы байланыс жақсы ұстағанымен, алыс жол бойында байланыс сапасы да, интернет жылдамдығы да нашар екенін мойындады. Бұл ретте ол Қазақстан жер көлемі үлкен екенін әлемде 9-орында тұрғанын атап өтті.

Жақыпов ұялы байланыс жүйесіндегі инфрақұрылымжы үнемі жаңартып, жаңғыртып, қаржы құйып тұру керек екенін айтты. Инфрақұрылымға кеткен шығынды байланыс операторлары тарифке қосып, оны халық өз қалтасынан төлейді.

«Билайн, Теле2 сынды жекенің қолындағы байланыс операторларының тарифі туралы айта алмаймын. Ал үлесі «Қазақтелекомға» тиесілі Kcell-ге келер болсақ, инфрақұрылымға кететін шығын бар. Қазір жаңғырту жұмысы жүріп жатыр», – деді

Оның айтуынша жыл соңына дейін ел аумағында 5G желісі толық іске қосылмақ. Ол байланыс сапасын жақсартып, интернет жылдамдығын арттыруы тиіс.

Бұған дейін елдегі ірі үш байланыс операторы тарифтерін 20 пайызға қымбаттатанын хабарлаған.