Жаңалықтар

«Бізде артық ақша көп»: Ұлттық банк экономикадан 9 трлн теңгені шығармақ

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан экономикасындағы артық ақша елдегі инфляцияны күшейтіп отыр. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, қымбатшылықты тоқтату үшін экономикадағы басы артық ақша «шығарылмақ».

«Біздегі инфляцияның басты себебі – экономикада ақшаның көп болуы. Монетарлық агрегаттар шамамен 18%-ке өсті. Бұл экономикаға шамадан тыс ақша құйылып жатқанын көрсетеді. Оның екі негізгі көзі бар: мемлекеттік шығынның көбеюі және тұтынушылық кредит беру», – деді Сүлейменов.

Экономистер мұны экономиканың қызып кетуі деп атайды. Халық пен бизнес қолындағы ақша көбейгенімен, отандық өндіріс сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр. Нәтижесінде баға өсіп, импортқа тәуелділік артады, ал бұл өз кезегінде ұлттық валютаға қысым түсіреді.

Инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк ақша массасын шектеуге ниетті. Сүлейменовтің айтуынша, ол үшін бірнеше шара қарастырылып отыр:

  • Ақша-несие саясатын қатаңдату
  • Қарыз алуды шектеу арқылы тұтынушылық несиені бақылау
  • Үкіметпен бірлесіп қаржылық тұрақтылықты дамыту
  • Жаңа салық кодексі арқылы бюджетті теңгерімдеу.

Осы мақсатта қыркүйектен бастап банктердің жеке капиталына қойылатын ең төменгі резерв талаптары қайта қаралған. Жаңа талаптар қолданыла бастағалы өтімділік профициті 7,7 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін төмендеген. Сүлейменовтың айтуынша, екінші кезеңде 3,5 трлн теңге, үшінші кезеңде – шамамен 3,9 трлн теңге артық өтімділік нарықтан алынатын болады.

Оған қоса жыл басынан бері валюталық операцияларды теңестіруді бастаған Жаңа механизм аясында тоғыз айда 2,3 трлн теңге алынды, ал жылдың соңына дейін қосымша 1,4 трлн теңге нарықтан «шығарылады».

Биыл Қазақстандағы инфляция үдеп, 12,9 пайызға жетті.