Бюджет шығысы 27,8 трлн теңге: үштен бір бөлігі әлеуметтік салаға жұмсалады

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы Мәжілісте таныстырылды. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, 2026 жылғы бюджеттің жалпы шығысы 27,8 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 2025 жылмен салыстырғанда 2 трлн теңгеге көп.
Ал бюджет кірісі 23,1 трлн теңгені құрамақ, оның ішінде 19,2 трлн теңгесі – салық және өзге де міндетті төлемдерден түсетін табыс. Осылайша, 2026 жылы республикалық бюджет тапшылығы 4,7 трлн теңге болып, жалпы ішкі өнімнің 2,5%-ына теңеседі.
Үкімет келер жылы да әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға уәде беріп отыр. 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге бөлінеді. Оның ішінде 6,8 трлн теңге әлеуметтік төлемдерге, яғни зейнетақы, жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік қолдау түрлеріне бағытталса, 3,9 трлн теңге адами капиталды дамытуға жұмсалады.
Мәди Такиевтің айтуынша, әлеуметтік саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік төлемдерді тағайындау процесі цифрлық форматқа көшіріледі. Бұл реформа бюрократиялық кедергілерді қысқартып, көмек көрсету жылдамдығын арттырады.
Бюджет жобасына сәйкес, 2026 жылы медицина саласын қолдауға 2,7 трлн теңге бөлінеді. Бұл – қазіргі жылмен салыстырғанда 107 млрд теңгеге артық. Сонымен қатар білім және ғылым саласына 902 млрд теңге қарастырылған. Мәдениет, спорт және туризм саласының дамуына 263,5 млрд теңге жұмсалмақ.
2026 жылы экономиканы ынталандыруға 1,2 трлн теңге бөлінсе, нақты секторды дамытуға 3,7 трлн теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 540 млрд теңгеге артық. Үкіметтің айтуынша, бұл қаражат өндіріс орындарын жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталады.
Ал қорғаныс пен құқық қорғау органдарына 3 трлн теңге бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 335 млрд теңгеге көп. Осылайша, қорғаныс шығындары жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы деңгейіне жетеді. Министр бұл қаржының бір бөлігі әскери инфрақұрылымды жаңғырту және жүйелі реформа жобаларын жүзеге асыруға жұмсалатынын айтты.
Мәди Такиев өз баяндамасында бюджет шығынын оңтайландыру жұмыстары жүргізілгенін атап өтті. Биыл алғаш рет республикалық деңгейде шығыстарға шолу жүргізіліп, мемлекеттік органдардың базалық шығындары қайта қаралған. Нәтижесінде 68 млрд теңге үнемделіп, әкімшілік аппарат шығындарының үлесі 15 пайыздан 12,3 пайызға дейін қысқартылған. Үнемделген қаражат даму жобаларына бағытталды.