Мәжіліс 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті бекітті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдады. Жаңа Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген құжат Сенатқа жолданды.

Үш жылдық бюджетке сәйкес, мемлекет кірісі жыл сайын өседі деп жоспарланып отыр:

  • 2026 жылы – 19,2 трлн теңге,
  • 2027 жылы – 21,2 трлн теңге,
  • 2028 жылы – 23,2 трлн теңге.

Шығындар да кезең-кезеңімен артады:

  • 2026 жылы – 27,7 трлн теңге,
  • 2027 жылы – 28,7 трлн теңге,
  • 2028 жылы – 29,7 трлн теңге.

Бюджеттің бір бөлігі Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт есебінен толықтырылады. Оның көлемі жыл сайын шамамен 2,8 трлн теңгені құрайды.

Бюджет саясатының негізгі бағыты өзгеріссіз қалды: мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға басымдық береді. Сондай-ақ білім беру, ғылым және денсаулық сақтау салаларын дамыту арқылы адами капиталды нығайту көзделген.

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар өңірлерді қолдауға қосымша қаржы бөлу туралы ұсыныстар енгізді. Нәтижесінде:

  • Үкімет резервінен – 30 млрд теңге,
  • мемлекеттік қарызға қызмет көрсету шығындарын қысқарту есебінен 16,5 млрд теңге бөлінеді.

Бұл қаражат өңірлердегі жылу, электр, газ және су инфрақұрылымын жаңартуға, жағалауды нығайту жұмыстарына және басқа да маңызды жобаларға жұмсалады.

Сонымен қатар ұлттық экономиканы қолдау үшін бюджет ішінде 1 трлн теңгені қайта бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл қаражат жаңа өндірістерді дамыту, өнеркәсіпті қолдау, ауыл шаруашылығын жаңғырту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталмақ.

Жаңа бюджетте доллар бағамы 540 теңге деңгейінде, мұнай бағасы барреліне 60 доллар көлемінде белгіленген.

Сондай-ақ оқыңыз