Патох Шодиев пен Машкевичтің мұрагері «Еуразиялық банктен» дивиденд алмайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: ашық дереккөз, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Еуразиялық банк» 2024 жылғы қаржы нәтижесі бойынша акционерлерге дивиденд төлемейді. Бұл ақпарат Қазақстан қор биржасы (KASE) сайтында жарияланды. Шешімді банктің жалғыз акционері – «Евразиялық қаржы компаниясы» (ЕҚК) бекіткен.

Компанияның ресми құжатында банктің 2024 жылғы таза пайдасы бөлінбей, меншікті капиталды нығайтуға бағытталатыны мәлімделген. Құжатта:

«Еуразиялық банктің 2024 жылғы пайдасын бөлмей, өткен жылдардың бөлінбеген пайдасына қосу туралы шешім қабылданды. Қарапайым акциялар бойынша дивиденд төленбейді», – делінген.

ЕҚК акционерлері – Патох Шодиев, марқұм Александр Машкевичтің мұрагерлері және Алиджан Ибрагимовтың отбасы. Әрқайсысы компания капиталының 33,3% үлестен иеленеді. Осылайша бұл шешім нәтижесінде банк иелері 2024 жыл үшін дивиденд алмайды.

«Еуразиялық банк» бұған дейін де ұқсас шешім қабылдаған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 96,9 млрд теңге пайда да акционерлерге таратылмай, банктің меншікті капиталына жіберілген.

2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша «Еуразиялық банк» актив көлемі жағынан қазақстандық банктер арасында 7-орында тұр. Оның активтері 2,9 трлн теңгені құрайды. Ал несие портфелі 1,7 трлн теңгеге тең.

Сондай-ақ оқыңыз