Қазақстан халықаралық нарықтан 1,5 млрд доллар қарыз алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Минфин РК
Қаржы министрлігі 1,5 млрд доллар еурооблигация орналастырды / Фото: Shutterstock

Қазақстан халықаралық қаржы нарығына еурооблигация шығарып, 1,5 млрд доллар болатын қарыз алды. Қарызды өтеу мерзімі – 5 жыл, ал кірістілік мөлшері 4,41% болып бекітілді. Бұл – ел еурооблигациялар нарығына шыққан кезеңіндегі ең төмен мөлшерлеме.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа шығарылымға сұраныс ұсыныстан шамамен үш есе жоғары болды. Инвесторлар жалпы көлемі 4,4 млрд доллар болатын өтінім берген. Еуропа мен АҚШ-тың ірі институционалдық инвесторлары қатысып қана қоймай, Азия мен Таяу Шығыс қаржы орталықтарынан да жаңа инвесторлар тартылды.

Еурооблигациялардың табыстылығы АҚШ қазынашылық облигацияларынан небәрі 85 базистік тармаққа жоғары болып белгіленді. Бұл көрсеткіш инвестициялық рейтингі бар мемлекеттер арасындағы ең төмендердің бірі саналады. Тіпті Польша, Қатар және Сауд Арабиясы сияқты неғұрлым жоғары рейтингке ие елдердің қарыз бағасынан да төмен болған.

«Инвесторлардың сенімін нығайтуға әсер еткен елеулі факторлар – бірізді іске асырылып жатқан фискалды және салық реформалары, сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістер. Бұл шаралар Қазақстанның инвестициялық климатына халықаралық аренада оң әсерін тигізді», – деп жазады министрлік.

Орналастырылған облигациялар бірнеше халықаралық алаңдарда айналысқа түседі. Атап айтқанда, бағалы қағаздар Лондон қор биржасында, «Астана» халықаралық қаржы орталығының AIX биржасында және Қазақстан қор биржасы (KASE) алаңында листингтен өтеді.

Бұл – Қазақстанның биыл екінші рет сырттан қарыз алуы. Бұған дейін, маусым айында Қаржы министрлігі жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын еурооблигация орналастырған еді.

Сондай-ақ оқыңыз