Жаңалықтар

Жылдық айналымы 40 млн теңгеден асқан кәсіпкер қосылған құн салығын төлейді

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Үкіметтің 2026 жылдан жеңілдетілген салық режимінде (упращенка) жұмыс істейтін кәсіпкерлердің қатарын қысқартып, оларға қосылған құн салығын төлетпек жоспары бар еді. Осылайша бюджеттің бір жыртығы жамалуы тиіс болған.

Бастамасынан «бас тартқан» үкімет

Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігі 26 қыркүйек күні арнайы салық режимін қолданушылар тізімін талқылауға шығарды. Соған сәйкес, 1111 кәсіп түрінің 795-і салық жеңілдігін пайдалана алмайтын болған.

Алайда мұндай бастамаға бизнестің наразылығы күшейген соң, 16 қазан күні Президент ел үкіметіне «халықтың жағдайын жақсарту туралы» тапсырма береді. Сол күні шұғыл шешім шығарған Үкімет дағдарысқа қарсы шаралар пакетін жариялады. 

Осы шаралардың қатарында жеңілдетілген режиммен жұмыс істеп жүрген шағын кәсіпкерлерге тиіспей, тізімді бұрынғыдай қалдыру бар. Тек 44 түрлі кәсіп түрімен айналысатындар жеңіл салық режимін пайдалана алмайды. Оған қоса, 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін салық тексерісі болмайды.

Бюджетті толтырудың жолын табамыз

Енді Қаржы министрі Мәди Такиев шағын және орта бизнеске жасалған жеңілдіктер бюджет кірісін айтарлықтай төмендетпейді деп отыр. Министр ықтимал шығындар «басқа салықтық механизмдер арқылы өтеледі» деп сендірді. Оның айтуынша, мемлекет салыққа қатысты өзгерістерді енгізбес бұрын экономикалық әсері бойынша талдау жүргізген.

«Біз есеп жүргіздік, шығын аз болады. Бүгінде шағын бизнесте 2 миллион кәсіпкер бар. Соның ішінде 1,7 миллионы бұрынғыдай B2C сегментінде жұмыс істей береді. Ал 44 қызмет түріне кіретіндер, табыс шегінен асқандар және жалпыға бірдей режимге өтетін кәсіпкерлер ҚҚС төлеушілер қатарына енеді. Осы арқылы біз ҚҚМ түсімдеріндегі ықтимал шығынды теңгереміз», – деді министр.

Жылдық айналымы 40 млн теңгеден асқан кәсіпкер ҚҚС төлейді

Бұл жерде бір «бірақ» бар. «Упращенканың» тізім сол күйі қалғанымен, жылдық айналымы 40 млн теңгеден аспайтын кәсіпкерлер ғана осы режиімде жұмыс істей алады. Ал айналымы 40 млн теңгеден асқан сәттен жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен салық төлеуі тиіс. Яғни айналымы белгіленген шектен асқан кезде, қосылған құн салығын төлеушілердің қатарына кіреді.

Оған қоса, шағын жән орта кәсіп иесі ірі бизнес өкілдерімен жұмыс істесе, ол міндетті түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне өтеді.

«Шағын кәсіпкер ірі бизнеспен жұмыс істеген жағдайда, ол тек жалпыға ортақ салық режиміне өтеді. Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеудің жалғыз шарты – жылдық айналымының 40 миллион теңгеден асуы», – деп жауап берді.