
«Басқа жанармай бекетінен бензин құйып едім, көліктің дауысы өзгеріп, беріліс қорабы «тебе» бастады». Бұл сөзді талай жүргізуші айтқан болар. Арзан отын құйып, жанармайдан ақша үнемдеу тиімді-ақ. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, арзан бензиннің сапасы төмен, салдары қымбатқа түседі. Өйткені қозғалтқыш темір тұлпардың «жүрегі болса», жанармай «күре тамырынан айналатын қаны» іспетті.
Сапасыз жанармай деген не?
Жанармай – бұл жай ғана сұйықтық емес, құрамында оннан аса көмірсутектер мен қосындылар бар күрделі отын. Егер оның құрамындағы тепе-теңдік бұзылып, арзан еріткіштер, су немесе күкіртті қосылыстар араласса, мұндай жанармайдың сапасы өзгереді – ол дұрыс жанбайды, қозғалтқышқа кері әсер етеді.
Сапасыз жанармайдың белгілері:
- Айқын, жағымсыз химиялық иіс;
- Көліктің қуаты төмендейді;
- Жанармай шығыны артады;
- Қозғалтқыш «үш цилиндрмен» жұмыс істейді;
- Панельде Check Engine шамы жанады;
- Шамдарда күйе пайда болып, түтін қараяды.
Бұлардың бәрі – отын толық жанбай, қозғалтқыш ішінде қауіпті қалдықтар қалатынының дәлелі.
Сапасыз отын қозғалтқышқа қалай әсер етеді?
Біріншіден, клапандар мен поршеньдер күйіп кетуі мүмкін. Сапасыз отын жанғанда цилиндр ішіндегі температура күрт көтеріледі. Қоспа біркелкі жанбай, детонация – яғни ішкі «жарылыс» пайда болады. Нәтижесінде клапандар жанады, поршень мен цилиндр бүлінеді. Мұндай жөндеудің құны қымбат, көлік маркасына қарай 100 мың теңгеден бастап миллионға жетуі мүмкін.
Екіншіден, форсункалар мен сүзгі бітеліп қалуы мүмкін. Сапасыз жанармайда көбіне тот, шайыр сияқты қоспалар болады. Олар сүзгі мен форсункада жиналып, отынның қозғалысына кедергі келтіреді. Салдарынан мотор «тұншығып», көлік баяу қозғалады.
Үшіншіден, катализатордың істен шығуы мүмкін. Катализатор – зиянды газдарды сүзгіден өткізетін жүйе. Ал құрамында күкірт пен металлы көп отын катализатордың ішкі керамикалық торларын күйретеді. Оның белгілері – қуат азаяды, түтін қоюланып, жағымсыз иіс пайда болады.
Төртіншіден, стартер немесе оталу жүйесі бұзылуы мүмкін. Сапасыз бензин шамдарға күйе қалдырады. Салдарынан көліктің оталуы қиындайды. Нәтижесінде қозғалтқыштың қалыпты жұмысы бұзылады. Қыс кезінде әрең оталып, жанармай көп жұмсалады.
Бесіншіден, май тез сұйылып, ескіре бастайды. Толық жанбаған бензиннің қалдығы мотор майына араласып, оның қасиетін төмендетеді. Май сұйылып, майлау қабілеті азаяды. Соның салдарынан қозғалтқыш тез тозады.
Үнемдеймін деп ұтылып қалмау керек
Бір қарағанда арзан отын тиімді сияқты: литрі 20-30 теңгеге арзан. Бірақ есептеп көрейік. Егер сапасыз отын қозғалтқышты не жүйені бүлдірсе, жөндеу құны бірнеше жүз мың теңгеге жетеді.
Мысалы:
- Катализаторды ауыстыру – 150-400 мың теңге шамасында
- Форсункаларды жөндеу – 50 мың теңгеден бастап
- Қозғалтқышты күрделі жөндеу – 500 мың теңге және одан жоғары
Сонда бір қарағанда тиімді бағада жанармай құюдың мәні болмай қалады.
Сенімді жанармай бекетін қалай тануға болады
- Белгісіз жанармай құю станцияларынан аулақ болыңыз. Атаусыз, чек бермейтін бекеттерге бармаған абзал.
- Тексерілген желілерді таңдаңыз. Бағасы сәл жоғары болса да, сапасы жоғары болғаны жөн.
- Чектерді сақтаңыз. Егер көлік бұзылса, дәлел ретінде чек қажет болуы мүмкін. Мұндайда бензинінен сынама алып, Ұлттық сараптама және сертификациялау орталығының лабораториялық сараптамасына тапсыруға болады.
- Көліктің жүрісіне мән беріңіз. Жанармай құйғаннан кейін мотор дыбысы өзгерсе – ол жерге қайта бармаңыз.
- Қоспаларды абайлап қолданыңыз. Кейбірі пайдалы, бірақ артық мөлшерде қолдану зиян келтіруі мүмкін.
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 16 қазаннан бастап елде АИ-92 маркалы жанармай мен дизель бағасын қымбаттатуға уақытша шектеу енгізілді. Бұл шешім мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инфляцияны тежеуге қатысты тапсырмасы аясында қабылданған еді.