Банктерден тауардың нақты бағасын көрсетуді талап етеміз – Жұманғарин

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media архиві

Үкімет басшысының орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин интернет-дүкені бар екінші деңгейлі банктерге әр тауардың нақты бағасын көрсету міндеті қойылатынын мәлім етті.

Kursivmedia тілшісі Серік Жұманғариннен Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18 пайызға көтергеннен кейін де халықтың несие алуы тоқтамаса, ақша массасы көбейе берсе, қандай шаралар қабылдайтынын сұрады. Министр ретінде халыққа қандай кеңес бергісі келетінін білгісі келді.

«Шынында да кейінгі жылдары Қазақстанда тұтынушылық несиелерді беру мөлшері өте жоғары. 1 қазандағы көрсеткішті есептегенде бүкіл банктердің несиелерінің мөлшері 40 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 40 пайызы тұтыну секторына, 60 пайызы жеке секторға беріледі. Ол қауіпті жағдай деп айта алмаймын, бірақ ол жерде диспропорция бар. Нақты секторға несие бермей қазір банктердің көбі тұтыну секторына беріп жатыр. Оны реттеу керек. Қаржы нарығы реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық банк ол тетіктерді реттейді. Жоспарды жақында жариялаймыз. Біздің мақсат – қаражатты нақты секторға бағыттау», – деді ол.

Жұманғариннің сөзінше, қарыз жүктемесі коэффициентін төмендетіп, халыққа нақты баға көрсетілуі тиіс.

«Кейбір адамдар қарызды бөліп төлеуге алған кезде көрсетілген бағаның ішінде несиенің де бағасы тұрғанын білуі керек. Соны көрсету үшін екінші деңгейлі банктердің маркетплейстеріне тиісті талаптарды енгіземіз», – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Жұманғарин келесі жылы инфляция 9%-ға, 2027 жылы 6%-ға түседі деп болжайтынын жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз