Жаңалықтар

Бензин бағасы 2026 жылы күрт қымбаттап кетпей ме

бензин
Бензин бағасы / Фото: kursiv.media архиві

2026 жылдың көктеміне дейін Қазақстан Үкіметі қаулы шығарып, бензин бағасы өспейтін болды. Алайда сол мерзімнен кейін бензин бірден қымбаттап кетпей ме? Мәжіліс кулуарында қойылған бұл сұраққа Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жауап берді.

«Біз бензин пен дизельдік отынның бағасын бірден қымбаттатқан жоқпыз. Айына екі теңгеден қосып қымбаттатып отырдық. Бензин бірден қымбаттап кетпеуі үшін осындай шара қабылдадық. Қазіргі таңда алда не болатынын бір жағынан тексеріп, бақылағымыз келіп тұр», – дейді Серік Жұманғарин.

Министрдің айтуынша, Ресей мен Украинаның соғысы салдарынан РФ-да мұнай өнімдері күрт қымбаттап кеткен. Ал баға бәсекелестігі жағынан Қазақстан Ресейден қалып, мұнай өнімдері арзандай түскен. Бұл өз кезегінде көрші мемлекетке мұнай өнімдерінің әртүрлі схемалармен жылыстау қаупін туғызып отыр. Жұманғарин мұндаймен әкімшілік жолмен күресу қиын екенін мәлімдеді.

«Біз осы тегеуріндерді қалай реттеу керек екенін қарап жатырмыз. Қалай болғанда баға жағынан айырмашылықты қандай жолмен болсын қысқарту керек. Өкінішке қарай, қазір қолдан келмей тұр. Біз айдаладағы аралда тұратын мемлекет емеспіз. Мұнай өндіретін мемлекет бола тұра, өзімізді мұнай өнімдерімен қамти алмасақ, халыққа арзан бензин мен дизельдік отынды бере алмасақ – бұл дұрыс емес. Сонымен қатар біз экономикалық одақтағы көрші мемлекеттердің алдында міндеттемелеріміз тағы бар. Мұнай өнімдері ағындарын тоқтату қиын бола түспек. Сондықтан бұл жағдайды уақытша бақылап көрсек дейміз. Бензин инфляцияға өте елеулі әсер етеді», – дейді ол.

Мәжіліс кулуарында бүгін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов 2026 жылдың көктеміне дейін АИ-92 бензині литрінің бағасы 239 теңгеден аспайтынын мәлім еткен еді.

Айта кетейік, бұған дейін 16 қазаннан бастап Қазақстанда АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге уақытша тыйым салынды. Шектеулер инфляция деңгейі тұрақталғанға дейін қолданылады. Сондай-ақ Энергетика министрлігі Қазақстан Өзбекстанға бензин сатып отыр деген мәліметті жоққа шығарғанын жазғанбыз.