«Шама жетпеді ме»: депутат Сайыров Үкіметтің кемшілігін жайып салды

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкіметтің бюджетті талдау жұмысын сынға алды. Оның сөзінше, жауапты министрліктер бюджет жобасының стратегиялық және инвестициялық шолуын депутаттарға ұсынбаған.
Депутат не үшін Үкіметті сынады
Ерлан Сайыровтың айтуынша, бюджеттің шектеулі екеніне қарамастан, AMANAT фракциясы бюджет бойынша Үкіметпен конструктивті түрде жұмыс істеп жатыр. Бірақ бір үлкен мәселе бар: жақында депутаттар бюджет кодексін қабылдаған. Сол кодексте бюджеттің әрбір тиынына сапалы сараптама жасау керектігі белгілі болған. Бюджет кодексінде нақты шығындарды талдауың бюджеттік, стратегиялық және инвестициялық шолуы болуы керек екені тайға таңба басқандай жазылған.
«Өкінішке қарай, депутаттарға келгенде бюджеттің тек сандық көрсеткіші болды. Үкімет мүшелерінің құлағына алтын сырға: депутаттарға бірде-бір сапалы аналитика берілмеді. Депутаттарда «Бұл не? Депутаттарға саботаж ба, әлде жұмысына кедергі ме?» деген сұрақ туындайды. Біз болсақ «бұл жігіттердің уақыты болмай жатыр, бұл жігіттер ертең әкеледі» дедік. Бірақ сол күйі ешқандай сараптама болмады. Осы тұрғыда нақты сұрақ: Үкімет осы бюджетті әкелгенде бір саусағын бүгіп әкелді ме? Әлде шамасы жетпеді ме? Болашақта бюджеттің инвестициялық, сараптамалық деңгейін көтеру үшін қандай шара қолданасыздар?» – деп сұрады Сайыров.
Депуаттың уәжіне жауап берген вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Ерлан Сайыровпен келісетінін жеткізді. Кемшілікті мойындады.
«Дұрыс айтасыз. Айтқаныңыздың бәрін мойындаймыз. Бюджет наурыз айында қабылданды. Ал 1 сәуірге дейін бюджет кодексі бойынша әкімшілер, мемлекеттік органдар даму жоспарын тапсыруға дайын болуы керек. Уақыттың тығыздығына байланысты инвестициялық және стратегиялық шолулар орындалмады. Бірақ бұл формальды түрде орындалмады. Бұл – біздің министрліктердің ағымдағы жұмысы. Барлық әкімшілердің өтінімдерін біздің стратегиялық және инвестициялық департаменттер қарады. Бірақ бюджеттік шолуды Қаржы министрлігі жасады. Сондықтан келешекте келесі жылы осындай мәселе қайталанбайды», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін депутат елде ЖІӨ өскенімен, халықтың еңбегіне төленетін ақы үлесі төмендеп кеткенін айтқан.