Қазақстандықтарды телефон арқылы алдаған алаяқтар Ресейде ұсталды

Қазақстан мен Ресей кибер полиция қызметі Ресейдегі интернет-алаяқтардың трансұлттық желісін жойды. Яғни Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарын алдады деп күдіктенген төрт ресейлікті ұстады, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Рolisia.kz ақпаратына сүйенсек, операция 21 қазанда Ресейдің үш аймағында өтті. Қазақстандық киберпол басшысының орынбасары Аслан Өскембаевтың айтуынша, ұсталғандар SIM-карталарды жаппай сатып алып, оларды қазақстандықтарға алаяқтық қоңырау шалу үшін пайдаланған.
Арнайы операция барысында ресейліктерден 19 мыңнан астам қазақстандық және еуропалық SIM-карталар; 11 SIM-box құрылғылары (карталарды іске қосуға арналған жабдық); 3 ноутбук; 31 ұялы телефон тәркіленді.
Ноутбуктерден полиция нөмірлерді алаяқтық қоңыраулар үшін пайдаланудың дәлелдерін тапты.
«Тәркіленген ноутбуктерден 2023 жылдың басынан бастап қазақстандық және өзге де ұялы байланыс операторларының белсенді абоненттік нөмірлері туралы мәліметтерді қамтитын пайдаланушылардың іс-қимыл тарихы бар «лог — файлдар» табылды», – деп түсіндірді Өскембаев.
Қазір полиция тергеуді жалғастырып, барлық жағдайларды анықтауда.
Айта кетейік, қыркүйек айының соңында қазақстандықтарды телефон арқылы алдаған алаяқтар Украинада ұсталған.