Алматы әкімдігі «СК 7 Строй» және «AsiaMax» компанияларын лицензиядан айырды

Алматы әкімдігі мемлекеттік жобаларды салу мерзімдерін бұзғаны үшін «СК 7 Строй» мен «AsiaMax» компанияларын лицензиядан айырды. Тағы бір MEGARON СК компаниясына қатысты тексеру жүргізілуде, деп хабарлайды Kursiv.Media.
«Конкурста жеңіске жеткен кейбір мердігерлер қала тұрғындары алдындағы жауапкершіліктерін толық түсінбейді. Осындай компаниялардың әсерінен мектептерді, балабақшаларды және денсаулық сақтау объектілерін іске қосу мерзімі бұзылады. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін біз қатаң шаралар қабылдаймыз», – деді қала әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов ОКҚ брифингінде.
Сонымен қатар, құрылыс лицензиясының тағы бір түрінен «Құрылыс-ТБС» айырылды. «Алатау сапа құрылыс» компаниясынан техникалық қадағалау жүргізуге аккредитация алынды.
Ашық көздерден алынған мәліметтерге сәйкес, «СК 7 Строй» екі жеке тұлғаға – Әділжан Медеу мен Қанат Меңдікеевке тиесілі. Жетекшісі – Әмір Қасенов. Компания 2004 жылдың сәуірінен бастап нарыққа шыққан. Кем дегенде 2016 жылдан бері салықты дұрыс төлеп келеді. Салықтың жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрады.
AsiaMax құрылтайшысы жеке тұлға – Ақылбек Құдранов. Ол, сондай-ақ, 2003 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияны басқарады. Ашық деректерге сүйенсек, фирма салықты тек 2021 жылдан бері төлеп келеді. Қазіргі уақытта жалпы сомасы 72,4 млн теңгені құрайды.
«Құрылыс-ТБС» 2003 жылдан бері жұмыс істейді. Оған Батырхан Тоқтаев иелік етіп, басқарады. 2016 жылдан бастап салық аударымдарының сомасы 4 млрд теңгені құрады.
«Алатау сапа құрылыс» жеке тұлғалар – Дидар Сибаев пен Төлеген Омаровқа тиесілі. Оны 2005 жылы тіркеген. Салық кем дегенде 2016 жылдан бастап төленді. Жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрады.
Шаханов, сонымен қатар, әкімдік үлескерлерге баспана уәде еткен компанияларды үнемі тексеріп отыратынын айтты. Алдымен билік құрылыс басталғанға дейін құжаттарды, рұқсаттарды және қаржылық кепілдіктерді тексереді.
Содан кейін әкімдікте құрылыс нормалары, мерзімдері мен шарттық міндеттемелердің қалай сақталатынын қарайды. Тәртіп бұзушыларға бұйрықтар, айыппұлдар және тіпті құрылысты тоқтата тұру қаупі төніп тұр.
«Бұл болашақ үлескерлер үшін ықтимал қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді. Әкімдік ақпараттық ашықтық бойынша жұмысты күшейтті – құрылыс компанияларының тізімдері үнемі жаңартылып отырады, азаматтарға сенімді компанияларды таңдау бойынша ұсыныстар жарияланады», – деп толықтырды Шаханов.
Осыған дейін Алматыда бірнеше ай бойы дау туғызған Rams Beyond Almaty40 қабатты кешенінің құрылысы тоқтатылуы мүмкін екенін жазған едік.