Алматыда әкімшілік ғимарат өртеніп жатыр

Алматының Алмалы ауданында Мақатаев көшесінің бойында орналасқан әкімшілік ғимарат өртеніп жатыр. Аса қауіпті деңгейдегі өртті сөндіру жалғасуда.
Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сүйенсек, оқиға орнына құтқарушылар бригадалары дереу жолға шықты. Қазір өрттің таралу ықтималдығы жойылған.
Өрт бір қабатты ғимаратта тұтанған. Өрт сөндірушілер қауіпті деңгейде жұмыс істейді.
«Жергілікті жерде жедел штаб ашылды, төрт жауынгерлік учаске ұйымдастырылды, олардан шатырға және ғимараттың периметрі бойынша өрт оқпандары енгізілді», – деп хабарлады ТЖМ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 150 шаршы метрдегі өрт шетінен сөндірілген. Өрттен зардап шеккендер жоқ.
14 тамызға қараған түні Шымкент қаласындағы Абай аудандық әкімдігінің ғимараты өртке оранған болатын. Өрт ғимарат шатырынан шыққан.