
Чемпиондар лигасының үшінші турында лондондық «Арсенал» мен миландық «Интер» өз қарсыластарын 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Екі клуб та турнир кестесінде 9 ұпаймен алғашқы үштікке енді.
Арсенал – Атлетико Мадрид
«Арсенал» Лондонда «Атлетикоға» еш мүмкіндік бермеді. Екінші таймда Габриэл, Мартинелли және екі мәрте Гюкерес қарсыластың қақпасын дәл көздеп, командасына сенімді жеңіс сыйлады. Испандық ұжым бірде-бір cәтті шабуыл ұйымдастыра алмады.
Юнион – Интер
Ал «Интер» Бельгияда «Роял Юнион СЖ»-мен кездесіп, дәл сондай 4:0 есебімен үстем түсті. Голдарды Дамфрис, Мартинес, Чалханоглу және Эспозито енгізді. Осылайша, миландықтар үш ойынның бәрінде жеңіске жетіп, өз қақпасына бір де бір гол жіберген жоқ.
Турнир кестесінде ПСЖ, Интер және Арсенaл бірдей 9 ұпаймен көш бастап тұр.

Ал алматылық «Қайрат» 3 турдан кейін небәрі 1 ұпаймен 33-орында келеді.

«Қайратты» алда күрделі сынақ күтіп тұр
Алматылық клубтың алдағы қарсыластарының қатарында дәл осы екі алпауыт «Интeр» мен «Арсенaл» бар.
- 6 қараша: Интер – Қайрат (Милан)
- 26 қараша: Копенгаген – Қайрат
- 9 желтоқсан: Қайрат – Олимпиакос (Алматы)
- 20 қаңтар: Қайрат – Брюгге (Алматы)
- 29 қаңтар Арсенал – Қайрат (Лондон) кездесулері өтеді.
Еске сала кетейік, кеше 21 қазан күні алматылық «Қайрат» өз алаңында кипрлік «Пафоспен» тең ойнаған еді.