
Мәдениет министрі Аида Балаева қоғамда кеңінен тарай бастаған «Cancel мәдениетіне» (cancel culture) қарсы пікір білдірді. Министрдің айтуынша, мұндай құбылыс, ең алдымен, елдің тұрақтылығының негізі саналатын шағын және орта бизнеске зиян келтіреді.
«Біз бәрін «жоюды», «болдырмауды» қолдайтын адамдарды дәріптеуіміз дұрыс емес. Мұндай үрдіс қоғамға да, экономикаға да зиянын тигізеді», – деді Балаева.
Журналистердің «Бұл пікіріңіз сөз бостандығының шектелуімен байланысты емес пе?» деген сұрағына министр былай жауап берді:
«Жоқ. Егер бізде сөз бостандығы болмаса, сіздер осылай еркін сұрақ қоя алмас едіңіздер», – деді Балаева.
Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қоғам қайраткерлерін, өнер адамдары мен кәсіпкерлерді «кэнселдеу» әрекеттері жиілеп кеткен. Министрдің айтуынша, мұндай науқаншылдық пен жаппай айыптау мәдениеті қоғамның дамуына кедергі келтіреді.