Lifestyle

Аида Балаева «Cancel мәдениеті» туралы пікірін білдірді

Аида Балаева «Cancel мәдениеті» туралы пікірін білдірді / фото: kursiv media архиві

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғамда кеңінен тарай бастаған «Cancel мәдениетіне» (cancel culture) қарсы пікір білдірді. Министрдің айтуынша, мұндай құбылыс, ең алдымен, елдің тұрақтылығының негізі саналатын шағын және орта бизнеске зиян келтіреді.

«Біз бәрін «жоюды», «болдырмауды» қолдайтын адамдарды дәріптеуіміз дұрыс емес. Мұндай үрдіс қоғамға да, экономикаға да зиянын тигізеді», – деді Балаева.

Журналистердің «Бұл пікіріңіз сөз бостандығының шектелуімен байланысты емес пе?» деген сұрағына министр былай жауап берді:

«Жоқ. Егер бізде сөз бостандығы болмаса, сіздер осылай еркін сұрақ қоя алмас едіңіздер», – деді Балаева.

Айта кетейік, соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қоғам қайраткерлерін, өнер адамдары мен кәсіпкерлерді ұнамсыз әрекеті мен сөзі, этикаға жат қылығы, тілге қатысты даулы мәлімдемесіне байланысты «кэнселдеу» әрекеті жиілеген. Министрдің айтуынша, мұндай науқаншылдық пен жаппай айыптау мәдениеті қоғамның дамуына кедергі келтіреді.