
Креативті индустрия нарығындағы 133 компания Салық кодексіндегі өзгерістерге қарсылық білдіріп, үкіметке үндеу жолдайды. Олар шағын және орта бизнес арасындағы B2B-әріптестік тізбегін бұзбау үшін корпоративтік табыс салығы (КТС) бойынша шегерім құқығын сақтауды өтінген.
Салық кодексі фрилансерлерге қарсы жұмыс істей ме?
Кодекстегі жаңа норма бойынша, ірі және орта бизнестегі компаниялар жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлердің қызметін сатып алғанда, олардың қызметін «шығынға» жатқыза алмайды. Бұрын банк немесе ірі жарнама агенттігі фрилансер видеографқа қызметі үшін ақша төлегенді, оны «шығын» деп есептеп, салық жүктемесін азайта алатын. Енді жаңа ереже бойынша, ол «шығын» деп есептелмейді. Бұл дегеніміз ірі компанияларға шағын ЖК немесе ЖШС-мен жұмыс істеу тиімсіз болып қалды.
Салық кодексі күшіне енбей жатып, «Қазцинк» АҚ, Magnum желісі және Еуразиялық банк сияқты компаниялар жеңілдетілген салық режимінде немесе ҚҚС төлемейтін мердігерлермен енді жұмыс істемейтінін ресми түрде хабарлаған.
«Мұндай хабарламалар бүкіл сатып алу тізбегіне әсер ететін «белгі» болды:
жеңілдетілген салық режимінде жұмыс істейтін ШОБ тапсырыс берушіге салықтық шегерім жасау мүмкіндігі болмағандықтан, B2B сегментінен ығыстырылып жатыр. Осыған дейін ірі тапсырыс берушілермен тұрақты жұмыс істеп келген шағын бизнес енді бар болғаны жарты жылда өз қызметін түбегейлі қайта құруға үлгермей қалуы мүмкін», – дейді медиа өкілдері.
Жүздеген дизайнер мен фотограф табыссыз қалады
Ұлттық экономика министрлігі шағын кәсіпкерлер мен фрилансерлермен жұмысты «бизнесті жасанды бөлшектеу» деп есептейді. Бірақ медиа өкілдері «жасанды бөлшектеу емес, команда жинау тәсілі» деп түсіндіреді.
«Бірде-бір агенттік барлық мамандарды штатта ұстай алмайды, ал жобалар көбіне фрилансерлер мен шағын кәсіпкерлерді тарту арқылы іске асады. Көпшілігінің тұрақты шығысы аз болғандықтан, жеңілдетілген салық режимі – олардың заңды түрде жұмыс істеуінің және «көлеңкеден шығуының» жалғыз жолы», – деп жазылған хатта.
Егер Салық кодексіндегі норма өзгеріссіз қалса, дизайнерлер, фотограф, копирайтерлер, режиссерлер мен шағын студиялардың табыс табуы қиындай түседі. Оларға баратын тапсырыс азаяды. Нарық тек ірі ойыншылардың қолында шоғырланып, баға өседі.
Медиа және жарнамалық өнімдердің құны өседі. Осы жылы құны 5 млн теңге тұратын видеоролик келесі жылы 20–30% қымбаттауы мүмкін. Маркетинг шығындары өссе, түбінде тұтынушыға баратын тауар мен қызметтің де бағасы жоғарылайды.
Хатқа креативті индустрия нарығындағы агенттіктер мен студия иелері, БАҚ өкілдері қол қойған. Оладың арасында The Village Kazakhstan, Batyr Jamal, Manshuq Media, 98magazine, Airan media сияқты медиа жобалар бар.
Олар жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерлермен жұмыс істеген компанияларға шығынды есепке алу құқығын сақтауды сұрайды. B2B форматында жұмыс істейтін ЖК үшін 6–8% мөлшерінде жеке салық енгізуді ұсынады. ҚҚС шегін төмендетуді олар бизнеске бейімделуге уақыт беру үшін кезең-кезеңімен жүзеге асыруды талап етеді.
Бұған дейін ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық кодексі күшіне енсе, елде 300 мыңға жуық бизнес жабылуы мүмкін деп мәлімдеген.